Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Путин өзін I Петр патшамен салыстырып, Ресейге тиесілі жерді қайтаратынын мәлімдеді

Ресей президенті Владимир Путин ақпанда басталған Украинаға жасалған шапқыншылық әрекетін “жерді қайтару” деп бағалап, өзін Ресей империясының патшасы I Петрмен салыстырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап. 

Путин

Сурет: bbc.com сайтынан

Ресей басшысы 350 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеде жас кәсіпкерлермен кездесіп, ел алдында мәлімдеме жасады. 

“Біз өзімізді қорғап, сол үшін күресіп жатқанымыз – айдан анық дүние. Қазір I Петр 350 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмедеміз. Бұл жолы да ешнәрсе өзгерген жоқ деп айтуға болады. Бұл таңғаларлық жағдай. I Петр Солтүстіктегі соғысты 21 жыл бойы жүргізген. Ол Швециямен соғысып, оның жерін тартып алған жоқ. Керісінше, өз жерін кері қайтарды. Петербург орын тепкен жерді ел астанасы деп жариялады. Алайда бұл аумақты басқа мемлекеттер Ресейге емес, Швеция тиесілі деп қабылдады. Ал түптеп келгенде, бұл аумақта фин-угорлардан бөлек, славяндар да о бастан мекен етті. Бұл Батысқа да қатысты. I Петр Нарваға не үшін шабуыл жасады? Ол жерін қайтарып, аумағын нығайтты. Енді міне, біздің алдымыз да өз жерімізді қайтарып, оны нығайту міндеті тұр”, – деді Путин. 

Дегенмен Путин өз сөзінде Украина туралы басқа ешнәрсе деген жоқ. 

Айта кетсек, 24 ақпанда Владимир Путин Ресей Украинаға басып кірген кезде негізгі мақсат көрші мемлекетте “денацификация” мен “демилитаризация” шараларын жүргізу деп мәлімдеген болатын. Өз сөзінде ол “Украина аумағын басып алу Ресейдің жоспарында жоқ” деген еді.


Талқылау