Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ол – нағыз батыр": 15 жасар украиналық бала Киев қаласын Ресей әскерінің шабуылынан қорғап қалған

Украинаның астанасы Киев маңында 15 жасар жасөспірім дронның   көмегімен Украина қарулы күштеріне Ресей әскерилерін жоюға көмектескен. Ақпан айының соңында ел астанасын шабуылдан құтқарып қалған бала енді әлемдік жұлдызға айналды. 15 жасар Андрий Покрасаның ерлігі туралы Global News жазады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

покраса украин 2022

Ақпан айының аяғында, Ресей Федерациясы Украинаға жаппай басып кіруді бастаған кезде, олардың әскери колонналары Житомир тас жолы бойымен Киевке қарай жылжыған. Украина қарулы күштеріне көмектесіп, әскерилердің нақты координаттарын анықтаған 15 жасар жасөспірімнің арқасында астанаға жасалмақ болған шабуыл тойтарылды.

Баланың ерлігін оның ата-анасы да растайды. Сондай-ақ, баланың айтулы еңбегі туралы Украина ұшқышсыз ұшақ иелері федерациясының басшысы мен Қарулы күштердің ұшқышсыз барлау бөлімшесінің командирі айтты.

"Ол бұл аймақтағы ұшқышсыз ұшақпен жұмыс істеуде тәжірибесі бар жалғыз адам еді. Ол – нағыз батыр, Украинаның батыры", – дейді Украина Қарулы күштерінің ұшқышсыз барлау бөлімшесінің командирі Юрий Касьянов.

Әскерилер балаға өзінің дронының көмегімен ресейлік колоннаның GPS координаттарын алуға тырысуын сұрайды. Бала келіседі.

Бала алғашында ұшқышсыз ұшақтың көмегімен әскерилердің жүрісін аңдуға жүрексінгенін мойындайды. Алайда жасөспірім әскерилердің Киевті басып алуын қаламағандықтан, қарулы күштерге көмектесуге келіскен.

"Олар бізге ресейлік колоннаның қай жерде болуы мүмкін екендігі туралы ақпарат берді. Біздің мақсатымыз нақты координаттарды тауып, оларды әскерилерге жеткізу болды. Бұл Житомир жолымен жүріп келе жатқан ең үлкен колонналардың бірі болатын, жүк көлігінің бірі ұзақ уақыт бойы фарасын сөндірмегендіктен, біз оны таптық", – деп еске алады жасөспірім.



Баланың әкесі басқыншылар колоннасы туралы алынған ақпаратты әскерилерге тапсырған. Нәтижесінде Киевтен батысқа қарай 40 шақырымдай жердегі Березовка маңында әскерилерге соққы жасалған.

Покрасаның Беларусь шекарасынан өтіп, Житомир мен Киев арасындағы тас жолдың бойында болған ресейлік колоннаны қалай тапқаны туралы Тарас Трояк та айтты. Трояк бұрын дрон сатумен айналысқан, қазір Украинаның ұшқышсыз ұшақ иелері федерациясын басқарады.

"Бала GPS координаттарын жібергеннен кейін, орыс әскерінің көзі жойылды", - деген ол баланың ерлігін ерекше атайды.

Киевті әскерилердің шабуылынан қорғап қалған 15 жасар Покраса өз қорқынышымен күресіп, дрондармен жұмысын жалғастырады. Покраса мен оның әкесі криптовалютаны сатып алумен және сатудан түскен пайданы жасөспірімнің хоббиіне жұмсайды.

Ресей Федерациясы әскери шабуылын бастаған кезде жасөспірім алдымен үйде отбасымен қалған. Бірақ бірнеше күннен кейін баланың дронмен жұмыс істей алатын аймақтағы жалғыз адам екені белгілі болады. Бала әскерилерге көмек қолын созуға келісіп, бірақ көршілері оның аулаларының жанына дрон ұшыруына қарсы болды. Олар дронды көріп қойған әскерилер жергілікті үйлерді атқылайды деп қорқады.

Содан соң әкесі мен ұлы жазық далаға шығып, әскерилердің жүрісін түнде бақылауды шешеді. Жасөспірім өзінен екі шақырым жерден әскерилердің колоннасын байқап қалады. Содан кейін әскерилер Покрасаға ұзағырақ қашықтықта жүре алатын "мықты" дрон береді. Осылайша жасөспірім Украина қарулы күштеріне көмектесуді жалғастырып, ресейлік техниканың қозғалысын бақылап отырды.

Қазір бала Польша елінде. Ол Ресей армиясын "ең күшті" деп санамайды және әскерилерге Украинаны қорғауға көмектескеніне қуанышты.

Талқылау