Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған": Тоқаев Қазақстанның даму бағыты туралы айтты

президент
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Тоқаев елдегі президенттік басқару жүйесінің тарихи тамыры Алтын Орда дәуірінен басталатынын айтты. Президент Ұлық Ұлыстың мұрасы бүгінде Қазақстан мемлекеттілігі мен ұлттық бірегейлігін нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев қазір елімізде берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алатынын айтты. 

“Бұдан бөлек, біз жаңа Конституцияда қазақ елінің төл шежіресі Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихымен сабақтас екенін айқын көрсеттік. Елордамызда Ұлы дала өркениетіне арналған зәулім ғимарат салынады. Жақында Астанада ЮНЕСКО-ның аясында Алтын Орда мұрасын зерттеу ісіне арналған халықаралық симпозиум өткізілді. Мұның бәрі мемлекеттігіміздің тұғырын нығайта түсуге зор ықпал етеді. Алтын Орда өзінің басқару институттары, дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, әлемде мойындалған валютасы, озық инновациялары бар орта ғасырдағы алып ел болды.  Қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады”, – деді Тоқаев. 

Оған қоса президент Алтын Орданың ең басты мұрасы оның мызғымас құндылықтары екенін айтты. 

“Себебі алып мемлекетте діні, тілі, мәдениеті, дәстүрі бөлек адамдар ортақ ережелер аясында тату-тәтті өмір сүрді. Бабаларымыздың осындай тағылымды жолы біз үшін өшпес өнеге және басты стратегиялық бағдар болып қала береді. Алтын Орданың жетістігі Еуразиядағы көптеген халықтың ортақ игілігі саналады. Сондықтан Ұлық Ұлыстың мұрагері ретінде біз Еуразияның біртұтастығын, өсіп-өркендегенін, ондағы мемлекеттердің барлығы тату-тәтті ғұмыр кешіп, ортақ қауіпсіздікті сақтап, халықтарының игілігі үшін қызмет еткенін құптаймыз. Біздің мақсатымыз – өзгелердің таптаурын болған тәжірибелері мен идеяларын үлгі-өнеге етпеу, өнбейтін дау-дамайдан бойды аулақ салу. Сонымен бірге өткен ұлы дәуірдің құндылықтарын ой елегінен өткізіп, сапалы түрде жаңғыртып, заманауи өркениетке қарай бейімдеу”, – деді Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы қазір Қазақстанның жаңа тұрпатты елге айналғанын жеткізді. 

“Біз біртұтас әрі жасампаз ұлт ретінде дамудың даңғыл жолына түстік. Кейінгі жылдарды еліміз үшін тарихи бетбұрыс кезеңі деуге толық негіз бар. Ауқымды реформалар барлық салаға тың серпін беріп жатыр. Түбегейлі өзгерістер, әсіресе, қоғамдық санаға зор сілкініс әкелді. Ішкі саясаттың мазмұны жаңарды, бағыт-бағдары айқындала түсті”, – деді президент. 

Мемлекет басшысының сөзінше, ел азаматтарының көзқарасы және ұстанымы өзгеріп жатыр. 

“Ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастады. Азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеріп жатыр. Халқымыз Әділетті, Мәдениетті, Таза және Қауіпсіз елде өмір сүруді қалайды. Сондықтан жұртымыз тәртіп бұзушылыққа, заңсыздыққа тұтас қоғам болып тосқауыл қоюда. Алайда, алдымызда тұрған жұмыс – өте ауқымды. Бұл жұмысты бәріміз бір ел, біртұтас халық болып міндетті түрде ойдағыдай орындаймыз”, – деді президент. 

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Құрылтай сайлауы қашан өтетіні мен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы қашан жасақталатынын мәлімдегені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 13:21