"Пранк" өте сәтті болды" - Автожөндеу орталығының қызметкері көлік жүргізушісіне "таудың ауасын" сатты (видео)
Алматыдағы техникалық қызмет көрсету станцияларының бірінде дөңгелек ауыстыратын жігіт жүргізушіге "таудың ауасын" сатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұхамедәлі есімді блогер автожөндеу орталығындағы жігіттен көлігінің дөңгелегін таудың ауасымен үрлеп беруін сұрайды.
"Достарымызбен тауға барамыз. Бізге тау ауасы керек, бір досым сенен тау ауасын алуға болады деді. Өткен жылы мен жасағанмын, 1500 теңге тұрады деп айтты", – деді пранкер.
Маман шынымен де тау ауасы бар екенін, одан балғын иіс шығатынын жеткізді.
20 минуттан кейін техникалық қызмет көрсету станциясына тағы бір тұтынушы келеді. Ол аң аулауға жиналып жатқанын, дөңгелегін дала ауасымен үрлеп беруді сұрайды. Техникалық маман жігіттердің өтінішінен еш қысылмай, ондай қызмет бар деп жауап береді.
Блогердің айтуынша, "пранк" өте сәтті болған. Ол автожөндеу орталығының қызметкері желі қолданушыларының ғана емес, түсірілімге қатысқан адамдардың да көңіл күйін көтеріп тастағанын жеткізді.
"Бұл сахналанған бейне емес. Бірақ түсірілім кезінде көп рет қайта түсіруге немесе импровизациялауға тура келді. Соңында қызметкерге пранк екенін айтқан кезде, ол бірден ақшаны қайтарғысы келді. Бірақ ақшаны пранкке қатысқаны үшін бонус ретінде қалдырдық", – деді блогер.