Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда шұңқырға құлап, аяғын сындырған әйел әкімдікті сотта жеңіп шықты

шұңқыр
Фото: Instagram voyvladivostok

Петропавл қаласында көшедегі қауіпті аумақтың қоршалмауы салдарынан әйел жарақат алды. Кейін ол сот арқылы әкімдіктен моральдық өтемақы өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс Петропавл қаласының №2 сотында қаралды. Әйел қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарсы моральдық зиян өндіру туралы талап арыз берген.

Сот мәліметінше, әйел былтыр тамыз айында кәмелетке толмаған баласымен бірге қала көшелерінің бірінде келе жатқан. Сол кезде ол тротуар шетіндегі шөп басып кеткен әрі ағын суға толған шұңқырға құлаған. Қауіпті аумақ ешқандай қоршаумен жабдықталмаған және ескерту белгілері қойылмаған.

Оқиға салдарынан әйелдің табан сүйегі сынып, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келген. Ол ем қабылдап, белгілі бір уақыт еңбекке жарамсыз болып қалған.

Әйел мемлекеттік органға сотқа дейінгі тәртіппен жүгінген. Алайда жауапты мекеме шұңқырды көміп, қауіпті аумақты жоған. Ал моральдық өтемақы төлеуден бас тартқан.

Сот барысында аталған жол учаскесін күтіп-ұстау жауапкер мекемеге тиесілі екені анықталды. Сот жауапты мекеме жол мен жаяу жүргіншілер аймағының қауіпсіздігін дұрыс қамтамасыз етпегендіктен, әйел жарақат алды деген қорытындыға келді. Нәтижесінде сот талапты қанағаттандырып, жәбірленушінің пайдасына моральдық зиян өтемақысы мен сот шығындарын өндірді.

Сот шешімі заңды күшіне енген. Апелляциялық саты да шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық жедел жәрдемнің қателігінен қайтыс болған күйеуіне өтемақы өндіріп алғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 16 Мамыр, 2026 16:32