Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда компания басшысы өтпежолға бөлінген бюджеттің 2 миллиард теңгесін жымқырған

Фото: Stan.kz

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі өтпежол салуға бөлінген қаражаттың жымқырылуы фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2023 жылдың тамыз айында "Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" КММ мен "BUKA" ЖШС арасында жалпы құны 5,4 миллиард теңгеге автожол өтпежолын салу туралы келісімшарт жасалған.

“Келісімшартты орындау кезінде мердігер ұйым жұмыс кестесінен үнемі кешігіп отырған”, – деп мәлімдеді агенттік.

Тергеу нұсқасына сәйкес, мердігер компанияның директоры тапсырыс беруші тараптың лауазымды тұлғаларымен сөз байласып, іс жүзінде орындалған жұмыстардың көлемі туралы жалған мәліметтер енгізілген актілерді рәсімдеп, қол қойған. Осы құжаттардың негізінде мердігер ұйымға бюджет қаражаттары негізсіз түрде аударылып отырған.

Заңсыздықтардың салдарынан мемлекетке 2 миллиард теңгеден астам залал келтірілген.

“Нәтижесінде сот санкциясымен құны 270 миллион теңгеден асатын 24 бірлік көлік құралы мен арнайы техникаға тыйым салынды. Қазір күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау таңдалды”, – делінген хабарламада.

Тергеу жалғасып жатыр.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 09:16