Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда фабрикада жұмысшыны қамыр илейтін құрылғы тартып, ол оқиға орнында қаза тапты

апат

Фото: Видеодан скрин

Петропавлдағы белгілі макарон фабрикаларының бірінде қайғылы оқиға болды. Қамыр илейтін құрылғы 35 жастағы жұмысшыны тартып кетіп, ол оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қайғылы жағдай түнгі ауысым кезінде болған. Жұмысшы құрылғының ішін қамырдан тазалап жатқанда, аппарат кенеттен іске қосылып кеткен. Салдарынан ер адамды құрылғының ішіндегі алып қалақтар тартып әкеткен.

Әріптестерінің айтуынша, оқиға марқұмның қасындағы жұмысшының көз алдында болған. Алайда ол құрылғыдан дер кезінде шегініп үлгеріп, аман қалған.

Еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір мемлекеттік еңбек инспекциясының комиссиясы арнайы тергеу жүргізіп жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысы бас мемлекеттік еңбек инспекторының орынбасары Азат Көшербаевтың айтуынша, қайғылы жағдай “Сұлтан-ЭММК” АҚ-да макарон өнімдерін өндіру кезінде болған.

“Комиссия жазатайым оқиғаның неден болғанын, оған кімнің кінәлі екенін, зардап шеккен жұмысшының аталған жұмысты атқаруға міндетті болған-болмағанын және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталған-сақталмағанын анықтауы керек”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте су құбырын ауыстырамын деп екі бірдей жұмысшы қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 13 Қазан, 2026 08:53