НЛО ма: Қазақстанның үш қаласы мен елорда аспанында белгісіз нысан байқалды
12 қазан кешке әлеуметтік желі қолданушылары Астана, Көкшетау, Петропавл және Қостанай қалаларының аспанынан ерекше жарық нысанның видеосын жариялады.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желідегілер ұзынша із қалдырған жарқыраған нысанды көргенін жазып, оның не болуы мүмкін екенін талқылады.
Кадрлардан түнгі аспанда жарқыраған нүкте мен оның артынан созылған ұзын жарық із көрінеді. Алайда бұл суреттерге қарап, куәгерлердің барлығы бір нысанды байқады ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
Астаналық қолданушылардың бірі видео жариялап, "Астана аспанынан тағы кім байқады?" деп сұрады. Осындай жазбаларды Көкшетау, Қостанай және Петропавл тұрғындары да бөліскен.
Кейбір қолданушылар көрген нысанын белгісіз ұшу аппараты (НЛО) деп атады. Дегенмен жарияланған кадрлардан оның нақты не екенін анықтау мүмкін емес.
Не болуы мүмкін?
Ғылыми тұрғыдан алғанда, мұндай жарық метеороидтың немесе ғарыштағы жасанды нысанның, мысалы, зымыранның пайдаланылған сатысының атмосфераға енуі кезінде пайда болуы мүмкін. Екі жағдайда да бақылаушылар аспанда жарқыраған от пен оның артынан созылған жарық ізді көруі ықтимал.
Алайда құбылыстың болған уақыты, нысанның қозғалыс траекториясы мен ұзақтығы туралы деректер болмаса, жарияланған кадрлар арқылы оның нақты не екенін анықтау мүмкін емес.
Бұған дейін Рудный тұрғыны аспанда белгісіз ұшатын нысан көргені туралы жазған едік. Видео авторының айтуынша, ол мұндай құбылысты арнайы күткен. Себебі оның сөзінше, белгісіз нысандар қала аспанында жыл сайын дәл 10–11 мамыр күндері пайда болады екен.
Қолдан көлік аларда нені ескеру керек? Автосарапшы қазақстандықтар жіберетін қателікті айтты
