Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Перзентханада ауысып кеткен қыздар екі анасымен бірге бір отбасында өсті

Сицилиядағы перзентханада шатасып кеткен 23 жастағы Катерина Алания мен Мелисса Фодера екі анасымен бір отбасында өскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап. 

Қыздардың туған кездерінде қалай ауысып кеткені туралы хикая "Мәңгі әпкелі-сіңлілер" деректі фильмінің негізіне айналды.

Басылымның мәліметінше, Катерина мен Мелисса 15 минут айырмашылықпен 1998 жылы 31 желтоқсанда Сицилиядағы ауруханалардың бірінде дүниеге келген. Жаңа туған нәрестелерді аналарына әкеліп бергенде әйелдердің ешқайсысы “бұл менің балам емес” деп күдіктенбеген. 

Олардың перзентханада ауысып кеткені кездейсоқ анықталған. Қыздар үш жасқа толғанда Катеринаның биологиялық анасы Маринелла Аланья қызы деп ойлаған Мелиссаны алуға келгенде Катеринаны көріп қалған. Әйел қыздардың бір-бірінен аумайтынына таң қалады. 

Дәл сол кезде ол медбикелер балаларды ауыстырып жіберді деп күдіктенген. Аланья сәбиін құшағына басқанда үстінде басқа киім болғаны есіне түседі. 

Ол сол күні перзентханада туған екінші әйел Жизелланы тауып алады. ДНҚ тестінен өтіп, балаларының кімдігі екенін анықтап, күдіктен арылуға ұсыныс жасайды. Ана жүрегі сезгендей, сәбилердің емханада шатасқаны белгілі болады. Мұны сараптама қорытындысы анықтап береді. 

Алдымен Маринелла мен Жизелла балаларын бір-біріне қайтаруға келіскен. Сарапшылар қыздардың “жаңа” аналарына үйренуі үшін шамамен жарты жыл бөлек тұрып, мүлде бір-бірін көрмеуге кеңес береді. Бірақ әйелдер балаларына психологиялық зиян тигізгісі келмейді. Үш жыл ішінде “қыздарына” бауыр басып қалғандары соншалық, бір-бірінсіз қашықтықта өмір сүруді елестете алмайтындарын айтады. 

"Екі ана күн сайын бір-бірімізбен телефон арқылы сөйлесіп, балалардан қалай ажырататынымызды білмей дал болдық. Бұл жағдайға қарсы тұра алмайтынымызды шешіп, ешқашан бір-бірімізден бөлінбеуге уәде бердік", – деп түсіндірді Маринелла. 

Осылайша екі отбасы бір шаңырақ астында өмір сүре бастайды. 

Қыздар екі анасы бар әпкелі-сіңлілердей бірге жүреді. Бірде әйелдер қыздарына шындықты айтуға шешім қабылдайды. 

Алайда Катерина мен Мелисса бұл жағдайға аса таңғала қоймаған. Олар бір шаңырақ астында тәрбиеленіп, бірден екі анасының болғанына өздерін бақытты сезінетіндерін айтқан. 

Талқылау