Перизат Қайрат түрмеде жұмысқа орналасты

Фото: instagram.com/01pk
Колонияда жазасын өтеп жатқан Перизат Қайрат жұмысқа орналасты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, ол мекемеде тазалық жұмыстарымен айналысады.
"Сотталған азаматша жұмысқа орналасты. Қызметтік бөлмелерді тазалаумен айналысады", – деп хабарлады ведомство.
2025 жылдың қазан айында Ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбеков Перизат Қайратты жұмысқа орналастыру мәселесі оның дағдылары мен бос жұмыс орындарының болуына қарай шешілетінін айтқан.
Перизат Қайраттың колонияда қандай жұмыс істейтіні белгілі болды
ОқыңызКейін ҚАЖК сотталғандар 48 түрлі мамандықтың бірін меңгере алатынын нақтылады. Мысалы, колонияда аспаз, киім дизайнері немесе омарташы болуға болады. Сонымен қатар 34 бағыт бойынша қысқа мерзімді курстар да бар.
Іс материалдарына сәйкес, Перизат Қайрат пандемия кезінде кең тараған "Біз Біргеміз" ұранын пайдаланып, “BizBirgemiz Qazaqstan 2030” атты қоғамдық бірлестіктің құрылуына бастамашы болды. Заңға сәйкес бірлестікті жеке ашуға рұқсат болмағандықтан, ол құрылтайшы ретінде тоғыз адамды (көбі Nur Otan партиясының жастар қанаты мүшелері) тартқан және олардың қолдарын қолдан жасаған.
Айыптау нұсқасы бойынша, Перизат Қайрат пен оның анасы қайырымдылық желеуімен жиналған шамамен 3,5 миллиард теңгені жымқырған. Бұл қаражат мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын салуға, Палестина азаматтарына, сондай-ақ Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге бағытталған еді. Алайда ол ақшалар қымбат киімдер мен сөмкелерге, пәтерлер мен көліктерге, шетелге сапарларға жұмсалған.
Айыпталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Сот процесінің басында Перизат Қайрат өзіне тағылған айыпты “тергеушілердің қиялы” деп бағалады. Одан кейінгі сот жабыр режимде өтті. Прокурордың айтуынша, Қайрат өзіне және анасына сән-салтанатты өмір сүруге мүмкіндік берген қаржының шығу көзін түсіндіре алмаған.
Іс бойынша жәбірленушілер ретінде танылғандар – 50-ге жуық адам, олардың арасында қарапайым азаматтармен қатар ірі компаниялар, банктер мен ұйымдар да бар. Айыпталушылардың адвокатының айтуынша, барлық жәбірленушілер азаматтық талап арыз берген жоқ, яғни кейбір азаматтар ақша аударғанымен, соттан өтемақы талап етпеген.
Еске салайық, бұған дейін Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатқанын жаздық. Тергеу деректері бойынша, 47 адам жәбірленуші ретінде танылған. 2023 жылы Газа секторына көмек көрсету мақсатында жиналған 83 миллион теңге және басқа да қайырымдылық қаражаттарының қалай жұмсалғаны туралы қоғамда күмән туындаған. Прокуратура жалпы шығынды 200 миллион теңгеден асады деп көрсетсе, жәбірленушілер бұл істі жай ғана алаяқтық емес, сенімге жасалған опасыздық деп санайды. "Стройконструкция" АҚ-ның өкілі Перизат Қайратты "алаяқтардың патшайымы" деп атап, оны әйгілі алаяқтар Остап Бендер мен Сонька Алтынқолмен салыстырды. Жәбірленушілер айыпталушыларға ең қатаң жаза қолдануды талап етті.