Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда жасөспірімдер оқушы мен оған араша түскен ер адамды соққыға жықты

Жасөспірімдер төбелес

Фото: Видеодан скрин

Павлодарда бір топ жасөспірім өз қатарласын соққыға жығып, оған араша түскен ер адамға шабуыл жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан жасөспірімдердің өзара төбелесіп жатқанын көруге болады. Кейін екеуі бір балағ жабылып кетті. Оларды ажыратпақ болған ер адамда соққының астында қалған.

Болған жағдайда зардап шеккен ер адамның әйелі айтып берді. Оның сөзінше, күйеуі жұмысқа бара жатып бір топ жасөспірімнің төбелесіп жатқанын көрген.

“15-16 жастағы балалар өз қатарласын ұрып-соғып жатқан. Ол оларды ажыратып, зардап шеккен балаға көмектеспек болған. Күйеуім негізі сабырлы адам. Адамдармен жұмыс істейді, терезе, балкон жасайды. Үнемі адамгершілікке салып көмектескісі келеді. Ал жасөспірімдер бірден оны қоршап алып, қорқытып, тепкілей бастаған. Тал түсте бұл не сұмдық? Жасөспірімдер нене бетімен кеткен? Тәрбие көрмеген, сөзім жоқ”, – дейді әйел.

Полиция бұл оқиғаны бұзақылық ретінде бағалап, қылмыстық іс қозғады.

"Қатысушылардың барлығы — кәмелетке толмағандар. Олардың жеке тұлғалары анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілді", — деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті.

Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

"Қылмыстық іс аясында ата-аналардың бала тәрбиесіне тиісінше көңіл бөлмегені үшін жауапкершілігі де қаралады", — деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 20 Сәуір, 2026 08:09