Павлодарда қос кәсіпкердің арасында зират үшін дау шықты
Биылғы тендерде жеңіске жетіп, енді қабірлерге жауапты болған азаматтың айтуынша, бұрынғы басшы жылдар бойы жұртты алдап келген. Яғни жерді сатып, бейіт басын саудаға салыпты. Ал зиратқа отыз жылдан бері бас-көз болған бұрынғы басшы ешкімнен көк тиын алмадым дейді. Керісінше, әріптесінің өзін кінәлап отыр, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Олег Сагадатов бірнеше жылдан бері бақилық болғандарға ескеркіш жасаумен айналысады. Жұмыс орны зират маңында орналасқандықтан ол мұндағы былыққа жиі куә болатынын айтып отыр. Бейіт басына жауаптылар марқұмдар көмілетін аумақты сауда орнына айналдырған дейді ол.
“Мына аумақтағы кейбір орындар сатылып кеткен. Ал аяқ астынан туысынан айырылған адамдар үшін мұнда жер жоқ. Зират қызметкерлері оларға «жер коммерциялық, сондықтан жаңа зиратқа барыңда»р дейді. Ал негізінде бұл аумақ – жалпы қолданыстағы жер. Жұртқа тегін берілуі тиіс”, – дейді кәсіпкер Олег Сагадатов.
Осындай жайттардың көбейгенін алға тартқан кәсіпкер биыл байқауға қатысып, зират үшін жауапкершілікті өзіне алмақ болған. Тендерде жеңіске жеткен ол енді тиісті құжаттар қолыма тимей марқұмдар жатқан жерге жоламаймын деп отыр. Зираттың бұрынғы қожайыны болса жер үшін ешкімнен көк тиын алмағанын айтады. Ол қазіргі басшының өзін кінәлап отыр.
“Біз жерді ешқашан сатқан емеспіз. Қайтыс болған адамды жерлеу бойынша жер қазу, мәйітті жеткізу, көму сияқты ақылы қызметтеріміз бар. Ал жаңадан келген қожайын жұмысына кірісуге асығар емес. Есесіне олар осы маңға орналасқаннан бері мұнда тонау жиілеп кетті”, – дейді зираттың бұрынғы қожайыны Анатолий Конвишер.
Ал шенеуніктердің бұл жайтқа қатысты өз айтары бар. Он жыл бұрын тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығының балансына өткен зираттың о бастан еш құжаты болмапты. Сондықтан түсініспеушіліктердің болғанын мойындаған атқамінерлер көп ұзамай мәселе шешіледі деп отыр.
“Біріншіден, зират аумағындағы жер үшін ешкімнің тұрғындардан ақы алуға құқы жоқ. Ал тендерді ұтқан азамат зираттың шекарасын көрсетуді сұрады. Біз ол адамның әлі қызметкерлер құрамы мен техникасын көрген жоқпыз. Осы жайттар анықталған соң бәрі өз орнына келеді деген сенімдеміз”, – дейді Павлодар қаласы тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бағдат Жиенқұлова.
«Суворовское» деп аталатын бұл христиан зираты осыдан жарты ғасыр бұрын пайда болыпты. Қазір мұнда алты адам жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Отыз жылдан бері қожайыны өзгермеген олар енді жаңа басшы келсе қуыламыз ба деп алаңдайды. Ал биылғы тендерді ұтқан кәсіпкер өз ұжымының құрамы жайлы әзірге тіс жармай отыр.
Жіберіп алмаңыз:
Ұстазы: Максим Арышев Отанын қатты жақсы көрді
Алматы метросындағы жасөспірімдердің әрекеті пойыздың шұғыл тоқтауына себеп болды (видео)
Әуежайлар мен вокзалдарда намазханалар қайта ашылатын болды
18 жасында әке атанған жігіт ерте отбасын құрудың артықшылықтары туралы айтты