Павлодарда коронавирустан көз жұмған медбикенің күйеуі марқұмның әріптестерін жазалауды сұрады
Павлодар қаласының тұрғыны өзінің әйелі Ляззат Бортышева медбике болып жұмыс істеген жеке клиниканы сотқа берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Алты ай бұрын Ляззат Бортышева қызмет барысында коронавирус жұқтырып, көз жұмған. Ер адам әйелі ауырса да жұмыстан босатылмағанын айтады.
Отставкадағы майор Есбол Иткулов 2020 жылдың жазында әйелінен, үлкен әпкесінен айырылып қалды. Оған қоса төрт баласы өлім аузынан әрең қалған. Олардың барлығы пневмонияның ауыр түрімен ауырып, ауруханаға жатқызылды.
Есбол вирусқа қарсы тұрамын деп әйелі көз жұмғанын айтып ашынады. Медбике болып жұмыс істеп жүрген Ляззат вирус жұқтырғаннан кейін екі аптадан соң көз жұмған.
"Бір апта бойы әйелім жұмысқа бырып жүрді. Жұмыста екі медбике вирус жұқтырды. Ауруханаға келген науқастардан ауру жұқтырып, отбасымыз түгел ауырды. Менің де жағдайым ауыр болды. Өзім ауруханада жатқан кезде әйелім көз жұмды. Әпкем мен ауруханада жатқандықтан, әйелімді жерлеу рәсімімен айналысқан. Ол да көп ұзамай осы індеттен көз жұмды", - дейді ол.
Есбол Иткулов әйелі ауырып тұрса да, жұмыстан жібермей қойғанын айтып, егер уақытылы емделсе, тәуір болып кетер еді деп отыр. Медицина қызметкері қайтыс болғаннан кейін клиникада санитарлық дәрігерлер жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, олардың белгіленген нормаларды шынымен бұзғанын анықтады.
"Клиниканың нормаға сай келмегені рас. Бірақ бұл медқызметкерлердің өліміне алып келді деп айту дұрыс емес. Медбике де қызметтік міндеттерін дұрыс орындамаған. Коронавирустың белгілері байқалғанда олар міндетті түрде басшылыққа ескертуі керек еді", - дейді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Арыстанова.
Итқұловтар отбасына денсаулық сақтау министрлігі 10 миллион теңге өтемақы төледі. Бірақ дәрігерлердің салғырттығы фактісі бойынша ашылған қылмыстық іс жүргізілуде. Есбол республиканың бас прокурорына шағымданды.