Павлодарда ер адам әйелін кілт жоғалтқаны үшін ұрып-соққан (видео)
Тұрғын үйдің кіреберісінде соққыға жығылған павлодарлық әйел агрессордың үстінен полицияға арыз жазудан бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде павлодарлықтың көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісі маңында әйелді ұрып-соғып жатқан видеосы пайда болды. Кадрлардан ер адамның орындыққа шалқасынан жатып, беті мен басын қолымен жауып алған әйелді балағаттап, ұрып-соғып жатқанын көруге болады.
"Дұрыс ойлана алмайсың. Үйге сенің кесіріңнен кіре алмай тұрмын, мал. Кілтті таппасаң, сенің бетіңді сындырамын", – деп айқайлап, әйелді бар күшімен басынан ұрады.
Әлеуметтік желіде пайда болған видеоны полицейлер зерттеді. Олар тексеру жүргізіп, видеодағы кейіпкерге әкімшілік материал құрастырған.
"Жәбірленушінің мәлімдеме жасаудан бас тартқанына қарамастан, жанжалға қатысушылардың аты-жөні анықталды. Полиция күйеуіне қатысты жанжал бойынша әкімшілік іс қозғады. Оның қорытындысы бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бөлімдегілер әйелін ұрып-соққан ер адамның қашпағанын, ешқайда жасырынбағанын айтты. Полицейлер жанжалға не себеп болғанын сұрағанда, жәбірленуші есіне ештеңе түсіре алмағанын жеткізген.
Айта кетейік, бұған дейін Астаналық әйелді үйінің кіреберісінде белгісіз біреу аяусыз соққыға жыққаны туралы жазған едік.