Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балконнан лақтырып жібермек болды": Астаналық әйелді үйінің кіреберісінде белгісіз біреу аяусыз соққыға жыққан

Астанада тұрғын үй кешендерінің бірінде әйелге шабуыл жасалды, полицейлер күдіктіні іздеп жатыр. Жәбірленуші оқиғаның қалай болғанын Тengrinews-ке айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Тengrinews

Екі кішкентай баласымен үйіне қайтып келе жатқан Астана тұрғыны Ксения Первованы 19 сәуірде өзінің тұрғын үй кешенінің кіреберісінде белгісіз біреу аяусыз ұрып кеткен.

Жәбірленушінің айтуынша, ер адам оған аса қатыгездікпен шабуыл жасап, лифтіден шығып, пәтеріне бет алғанда басынан ауыр затпен ұрған. 

"Қыздарыммен лифтіден шықсам, біз тұратын қабатта бейтаныс ер адам тұр екен. Мен лифт ішінде қалған көршіммен сөйлесе шықтым, көршім лифтіден арбаны шығаруға көмектесті. Содан кейін жоғары көтеріліп кетті, мен өз пәтеріміздің есігіне бет алдым. Ол маған бірден шабуыл жасамады, мен пәтердің есігін ашып, пакеттерді, артынша балаларды кіргіздім. Бұл уақытта бейтаныс адам балкон есігінің жанында тұрды. Мен мысығымыз шығып кетпес үшін балкон есігін жабайын деп барғанымда әлгі адам маған бірнеше соққы жасады. Оның қолында қатты бірдеңе болған сияқты, өйткені жай ғана қолдың соққысы емес екенін сезіндім. Сосын ол мені 14-қабаттан лақтырып жібергісі келгендей балконға қарай сүйрей бастады. Мен лифт жаққа жүгіріп бара жатып құладым. Қайта тұрып көршінің есігін қаға бастағанымда, шошып қашып кетті", – деді Ксения Первова.

Қазір жәбірленуші аурухананың нейрохирургия бөлімінде жатыр. Оның бірнеше жері көгеріп, бас-ми жарақатын алған, миы шайқалған. Бірнеше ашық жарақаты да бар, басы мен маңдайы тігілген. 

Жәбірленушінің айтуынша, шабуыл жасаған ер адам қара түсті капюшонды күртеше, бетперде және қалпақ киген. Қашып бара жатып, қалпағы мен бетпердесін басқа қабатқа қалдырып кеткен.

"Менің ойымша, бұл біреудің тапсырысы бойынша жасалды. Жауларым жоқ, өз бетіммен отбасыммен тыныш өмір сүріп жатқан адаммын.  Бірақ күдікті адамдар бар, бұған дейін біреулер қоқан-лоқы көрсеткен", – деді Ксения Первова. 
Ол  бұл факт туралы полицияға да хабарлағанын атап өтті.

Жәбірленушінің жұбайы бұл істі мұқият тексеруді сұрайды. Ксенияның айтуынша, күдікті әлі ұсталған жоқ.

Астаналық полиция қызметі бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Талқылау