Париж-2024: Боксшыларымыз ширек финалда кімдерге қарсы жұдырықтасады
Париж олимпиадасында өнер көрсетіп жатқан боксшыларымыздың ішінде жүлдеден үмітті Асланбек пен Қамшыбек алғашқы кездесулерінде жеңіліске ұшырап, жарыс жолынан шығып қалды. Дегенмен қалған боксшыларымыз ширек финалға шығып, жүлдеге бір табан жақындады. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі ширек финалда өнер көрсететін боксшылардың финалға өту мүмкіндігі туралы сараптама жасауды ұйғарды.
Фото: ҰОК
Ширек финалдағы кездесуін алғаш болып Айбек Оралбай өткізеді. 92 келі салмақта сынға түсетін отандасымыз алғашқы айналымда нигериялық Олетен Олаорені еш қиындықсыз, айқын басымдықпен ұтты. Айбектің шаршы алаңдағы еркін қимыл-қозғалысы мен жұдырықтасу мәнерінен жақсы бабынде екенін байқадық. Дегенмен Айбек ширек финалда бұл жарыстың басты фаворитін, екі дүркін олимпиада, бес дүркін әлем чемпионы кубалық Хулио Сесар ла Крусты ұтқан Әзірбайжан өкілі Лорен Альфонсомен жұдырықтасады. Ұлты кубалық Лорен Токио олимпиадасындағы қоланы алтынға алмастыру үшін барын салатыны анық. Дегенмен Лорен мансабындағы ірі жетістіктердің барлығын 81 және 86 келі салмақ дәрежесінде қол жеткізген. Олимпиада жолдамасында соңғы Тайландтағы іріктеу турнирінде қол жеткізді. Альфонсоның Лар Круспен болған жекпе-жегіне қарай болжамдасақ, Айбек үшін оңай жекпе-жек болмайтыны анық. Екеуінің жеңіске жеткені финалға шығатыны анық. Сондықтан Айбек бұл жекпе-жекте барын салып, жеңісті жұлып алуы тиіс. Оның Лоренді жеңе алатын толық мүмкіндігі де, әлеуеті бар.
Мұхамедсабыр да ширек финалдағы кездесуін Айбекпен бірге, 1 тамыз күні өткізеді. 63,5 келі салмақта жұдырықтасатын боксшымыз екі жекпе-жек өткізіп үлгерді. Екеуінде де Базарбайұлының жеңіске деген жігерін, бойындағы қайсар мінезін көрдік. Испаниялық Ойер Ибарречені айқын басымдықпен ұтса, тайпейлік Лай Чжуэнмен тартысты жекпе-жек өткізіп, жеңіске деген жігерінің арқасында ұтты. Рио олимпиадасының қатысушысы, Азия ойындарының күміс жүлдегеріне қарсы қалай жұдырықтасу керектігін көрсетіп, ширек финалға шықты. Десек те, Мұхамедсабыр үшін жартылай финалға жолдама алу оңай болмайтыны анық. Өйткені отандасымыз екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері, Париж олимпиадасында атой салу үшін арнайы бір салмақ төмен түскен грузиялық Лаша Гурулиге қарсы жұдырықтасады. Тәжірибелі, тіс қаққан Лаша Ташкенттегі әлем чемпионатының жартылай финалында Дулат Бекбауовтың осал тұсын таба алмай, дал болған еді. Ал Дулат іріктеу турнирде Мұхамадедсабырдың мысын баса алмаған. Отандасымыздың грузиялық боксшыдан функционалдық тұрғыдан, әрі жылдамдық жағынан мықтырақ. Осы екі қасиеті Мұхамедсабырды жеңіске жетелеуі тиіс.
Париж олимпиадасы: Мұхамедсабыр Базарбайұлының жігері жеңіске жетелейді
Париж олимпиадасы: Сәкен Бибосынов Токиодағы олқылықтың орнын толтыра ала ма
Жанкүйерлердің басым бөлігі финалда көргісі келген жекпе-жек ширек финалда өтеді. Қазақ-өзбек арасындағы текетірестің алғашқысы Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дусматов арасындағы жекпе-жек болмақ. Сәкеннің олимпиададағы негізгі қарсыласы да осы өзбекстандық олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматов болмақ. Қос қарсылас осы уақытқа дейін екі рет жұдырықтасып, есеп тең аяқталған еді. Негізі соңғы Азия ойындарындағы жекпе-жекте де Сәкеннің мысы басымдау болған. Бірақ төрешілер жеңісті өзбек оғланына беріп жібергені жанкүйерлердің жадында. Енді трилогияда Сәкен барын да, жанын да салатыны анық. Еуропа чемпионы Самет Гумюшке қарсы өткізген алғашқы жекпе-жегінде көзінен отты байқап, бұл олимпиадаға тек алтын үшін келгенін көрдік. Техникалық тұрғыдан отандасымыз қарсыласына қарағанда шапшаң, әрі қимыл-қозғалысы ширақ екенін алғашқы жекпе-жектерінен-ақ байқадық. Париж олимпиадасының финалына пара-пар жекпе-жекте отандасымыздың мерейі үстем болатынына кәміл сенеміз.
Фото: IBA
Кілең мықтылар жиналған салмақта сынға түсетін Нұрбектің де ширек финалда жеңіске жетуге жақсы мүмкіндігі бар. 80 келідегі жұдырықтасатын боксшымыз әзірбайжандық Мурад Аллахвеидиевке қарсы жұдырықтасады. Нұрбек үшін алғашқы айналымдағы жекпе-жек оңайға соқпады. Аустралиялық Каллум Питерс Нұрбекке әжептеуір тегеуірін көрсетіп, тіпті екінші раундта бір есеңгіретіп алды. Дегенмен Нұрбектің жеңіске деген жігері мен қайсарлығы, соңғы секундқа дейін жанын салып жұдырықтасуы өз жемісін берді. Отандасымыз ширек финалда да жеңіске жету мүмкіндігі мол. Өйткені Нұрбек осы уақытқа дейін әзірбайжан боксшымен екі рет жұдырықтасып, екеуінде де жеңіске жеткен болатын. Үшінші кездесуде де білгенінен жаңылмай, алдыңғы кездесудегілердей жұдырықтасып шығу тиіс. Нұрбек өз мәнерінде жұдырықтасса, үшінші рет те Мурадтың мысын баса алады. Жалпы Нұрбектің финалға дейін жетуге толық әлеуеті бар.
Айта кетейік, бұған дейін үміт артқан үш бірдей боксшымыз жарыс жолынан шығып қалғанын жаздық. Асланбек иорданиялыққа ұтылса, Қамшыбек пен Махмұд испаниялық боксшыға есе жіберді.