"Биіктіктен құлады деген": Алматы облысында ер адамды ұрып өлтірген бозбала 1,5 жылға сотталды
Алматы облыстық соты Қонаевтағы адам өліміне әкелген төбелеске қатысты 15 жастағы жасөспірімге қатысты үкімді өзгертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Crimea.kp.ru
Іс материалдарына сәйкес, қылмыс 2023 жылы 25 маусымда кешке демалыс орындарының бірінің алдында болған. Жанжал кезінде 15 жастағы жасөспірім жәбірленушінің жақ тұсынан бір рет жұдырықпен ұрған. Ер адам құлап, есін жоғалтып, бір айдан кейін қайтыс болған. Өліміне биіктіктен құлап, басын жерге соғуы себеп болды деп көрсетілген.
Бірінші сатыдағы сот жасөспірімді алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айырған.
“Апелляциялық алқа сотталған жасөспірімнің әрекетін 106-баптың 3-бөлігінен (“Абайсызда өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") 104-баптың 1-бөлігі (“Абайсызда қазаға ұшырату”) бойынша қайта қарады. Жаза бір жарым жылға дейін қысқартылды. Жасөспірім оны кәмелетке толмағандар колониясында өтейді”, – делінген хабарламада.
- "Анасына көмектескен": Алматы облысында еттартқышпен жұмыс істеген жасөспірім үш саусағынан айырылды
"Қорғаудағы балалар" қорының жетекшісі Жанна Ахметова жасөспірімнің мүддесін қорғауға көмектесті.
"Біздің бала ешкімге тиіспей, төбелес шығармай, тек өз жұмысын істеп жүрді. Ол ішімдік ішкен тұтынушылардан қорғанбақ болған. Қорыққанынан бір рет ұрған. Мас адам жерге құлап, өкінішке қарай ауруханада қайтыс болды. Ол баланың соққысынан қайтыс болуы мүмкін емес", – деп жазды ол Facebook-те.
Ахметованың айтуынша, жасөспірім тергеу изоляторында үш ай бойы жазасын өтеген.
Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы Медвежка ауылында 55 жастағы азаматты өлтірді деп айыпталған жасөспірімдерді алқабилер ақтап шыққаны туралы жазған едік.
Жантүршігерлік оқиға жарты жыл бұрын болған. Тұрғындардың айтуынша, кәмелет жасына толмаған екі жігіт дүкенге қарақшылық шабуыл жасап, сауда нүктесінің иесі 55 жастағы Александр Мальдинді асқан жауыздықпен өлтірген.
Қазір марқұмның туыстары жасөспірімдердің ақталып шыққанына наразы.