Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз тамырын кесті": Сүйіктісі канцеляр пышағымен бауыздап өлтірмек болған әйел тағы бір сұмдықтың бетін ашты

Талдықорған қаласының тұрғыны – 27 жастағы Адина Қуанбекқызын сүйіктісі канцеляр пышағымен бауыздамақ болған. Қолында қаруы бар азаматтың қолынан әзер аман қалған әйел оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Адина Куанбек

Немолчи қорына сұхбат берген Адина Қуанбекқызы сүйіктісімен алғаш кездесіп жүрген уақытта қол көтеретін кездері жиі болғанын айтады. Алайда жігіт “өз-өзіме қол жұмсаймын” деген қорқытулардан кейін кетіп қалудан қорыққанын алға тартады. Айтуынша, көпшіліктің жағасын ұстатар оқиға болатын алдын олар тағы да ұрысып қалады. Бұл жолы жігіт оны әріптесімен “кездесіп жүрсің” деп айыптайды. Алайда қыз мұны жоққа шығарады. Адина мұндай оқиғалардың көп орын алатынын айтады. Сөзінше, жігіті оны барлық таныстарынан қызғанатын болған.

“Жұмысыма келген күні тағы да менің телефонымды алып, ішін тексере бастады. Ол тексеріп болған соң мен оның қолынан телефонымды тартып алып, кетуін өтіндім. Бірақ ол мені қайтадан айыптап, басқа біреуім бар екенін мойындауымды сұрады. Оның сөздерінен мен қатты ашуландым. Осы сәтте ашуыма ерік беріп, қолыма түскен шыны бөтелкені лақтырып, сындырдым”, – дейді жәбірленуші. Бөтелке бірақ сүйіктісіне тимеген. Соған қарамастан осы әрекетін кейін полицейлер алға тартып, әйел сүйіктісін “арандатты” деп шешім шығарған. Осы шешім арқылы “бұзақылық” бабы бойынша іс қозғаған. Жәбірленуші мұнымен келіспейді.

Адина Қуанбекқызы сүйіктісіне қатысты тағы бір оқиғаның бетін ашты. Сөзіне сүйенсек, бұған дейін тағы бір сұмдық жағдай болған. Айтуынша, кезекті ұрыс-керістен кейін, жігіт оны ұрып-соғып, қолына канцеляр пышағын алып, өз тамырын кескен. 

“Бұл оқиғаны аулада ойнап жүрген балалар көрді. Тағы бір әйел полиция шақырған. Алайда ол күні мен оған қарсы арыз жазбадым. Себебі ол өз-өзіне қол жұмсаған еді”, – деп түсіндіреді әйел.



Өзіне жасаған сұмдық шабуыл жайлы қайта еске алған әйел алғашында сүйіктісі аузы мен мұрнын жауып, буындырып өлтіргісі келгенін айтады. Дем жетпей талықсыған әйел өзін біреу естіп қалар деген ниетпен аяғымен жерді тепкілей бастайды. Осы сәтте бөлмеге көрші әйел келеді. Қаскөй осы сәтте канцеляр пышағын алып, араша болмақ ниетпен келген әйелге шабуыл жасайды. 

“Содан кейін пышақтың үлкенін қолына алды. Қолына алған қарумен менің мойнымды тілімдей бастады. Мен оны тоқтату үшін балаларым бар екенін айтып, жалындым. Мен кішкентай қызымның атын атадым, өйткені ол оны білетін. Осыдан соң ол тұрып кетті”, – дейді Адина Қуанбекқызы.

Пышақпен шабуыл жасап, кейін кетіп қалған азамат әйелге хат жолдап, оның “өмірін күл-талқан еткені” туралы жазады. Әйел бұл хаттың өзінде әлі де сақталып тұрғанын айтады.

Әйел полицияға жазған арызынан кейін шабуыл жасаған азаматқа жоғарыда аталған “бұзақылық” бабы бойынша із қозғалғанын білгенде қатты таң қалған.

“Мен тергеушіге хабарласып, неге бұл бап бойынша іс қозғалғанын сұрадым. Ал ол болса: “енді қандай бап бойынша қалап едің” деді. Олар оқиғаның қоғамдық орында болғанын және канцеляр пышағының суық қаруға жатпайтынын алға тартты”, – дейді өлімнен аман қалған әйел.

Бірер күннен кейін полицейлер тіпті шабуыл жасаған азаматты босатып жіберген. Өзінің қауіпсіздігі үшін қорыққан әйел қаскөймен үйінің арасы өте жақын екенін айтады.

Айта кетейік, қазір полиция бұл оқиғаны “адам өлтіруге оқталу” бабы бойынша тергеп жатыр.

Талқылау