Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"От жағып жылынып, лашықтарды паналауда": Қазақстан мен Ресей шекарасында жолаушылар бесінші күн кезек күтуде

Ресейліктер елден кетіп, көп бөлігі БҚО-на келуде. Салдарынан сан шақырымға созылған кезекте тұрғандарға азық-түлік пен бензин қымбат бағаға сатылуда. Тіпті төрт-бес күн кезегін күткен жолаушылар далада от жағып, жылынып, лашық жасап, жан бағуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой город" порталына сілтеме жасап.

Ресейліктер БҚО-на екі шекара бекеті арқылы келуде. Оның біріншісі "Сырым" (Ресей жағынан "Маштаково") және екіншісі "Шаған" (Ресей жағынан Теплое). Шекарадан өтеміз дегендердің кезегі Ресейден 30 шақырымнан астам жерге созылған.

Шекарадан өткендер Ресей жағында жағдайдың нашар екенін айтады. Қазақстанға жету үшін кейбіреулер көлігін тастап, эвакуатор жалдап, қымбат бағаға азық-түлік пен бензин сатып алуда. Кейбірі тіпті от жағып, тамақ пісіріп, соның жанына жылынуға, тіпті лашық жасап түнеуге мәжбүр болған.

"Сырым" шекарасында транзиттік жүк көліктерін таңғы уақытта іркіліссіз өткізуге рұқсат етілген. Бірақ жаяу жүргіншілер мен жеңіл көліктердегі адамдарды өте аз кіргізуде.

Ресейлік жолдастарын күтіп тұрғандардың айтуынша, шекрадан адамдар өте баяу, сағатына бір адамдай өткізілуде екен. Мұның себебі неде екенін ешкім түсіндірмейді. Бірақ үміттерін үзбеген адамдар өз кезегін күтуде.

Айта кетейік, қазақстандық тараптан такси қызметі арзандады. Шекара бекетінен Оралға дейін  алғашқы күндері бір адамнан екі мың рубль (16 мың теңгеден) алса, қазір ол екі есеге азайды. Қырық шақты такси жүргізушісі өз жолаушыларын күтуде. Олардың өз тізімі бар. Соған сәйкес олар кезекпен қызмет көрсетеді. Постта патрульдік автокөлік те кезекшілік етуде.



Шаған бекетінде шекарадан өту үшін бес күн бойы көлікте түнеуге мәжбүр болған азаматтар Пензадан келіп, Алматыға бет алған. Олар шекараның Ресей жағында дүрбелең болып жатқанын айтты. Кезек өте баяу жылжығандықтан адамдар оның жанында от жағып, жылынуда. Айтуларынша, кейбіреулер өздерімен бірге оттықтарды алып, үстіне консервілер мен ботқаларын қыздырып күнелтуде.

“Азық-түлік сататын көлік келгенде, санаулы секундтарда тауарлар қалмайды. Барлығы бірін қалдырмай алып кетеді. Егер сіз осы сәтте ұйықтап қалсаңыз, келесіде көбірек мөлшерде әкелсе екен деген үмітпен күтуге ғана тура келеді. Ал бағаның қымбаттығы айтпаса да түсінікті. Егер сіз бір жерге кетіп қалсаңыз, кезектің соңына қайта жіберілесіз. Бес литр бензин 1000 рубльден (8000 теңгеден аса) бағаға сатылуда", - деді жолаушылар.

Негізінде бәрі туыстарына, достарына барады. Бірақ ешкімі жоқ, тек шекарадан өтуді мақсат еткендердің қарасы да аз емес.

Сондай отбасының бірі Киров қаласынан Оралға бет алған. Олардың туыстары жоқ, әзірге Қазақстанда тұруға ниетті. Олар төрт күн кезекте тұрған. Ауылдық дүкендерден азық-түлік сатып алып, жан сауғалауда. Шекаралас ауылдарда жергілікті тұрғындар ыстық тағам әзірлеп, кезекте тұрғандарға сатуда.

“Мұндайды ешкімнің басына тілемейміз. Біз өте қиын жағдайға түсіп отырмыз. Басымыз ауған жаққа қашып жатырмыз”, – деді Анастасия.

Шекарадағы кезекте отанына орала алмай жүргендер де бар. Самара тұрғыны Людмиланың айтуынша, олар Ақтауға демалысқа келген, қазір үйлеріне қайтпақшы.

“Таңертеңнен бері Шаған шекара бекетінде тұрмыз. Өткенше күтеміз. Шекарашылар бейтарап аумақ толып кеткенін айтты. Ал біздікілер бір-екі адамды бір сағаттан өткізіп жатыр. Бұлай болатынын білген жоқпыз. Оның үстіне баламен жүрміз”, –  деді әйел.

Талқылау