Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Орыс қыздарын жар еткен қазақтың біртуар қайраткерлері

Өткен ғасырда қазақ халқы талай қиын-қыстау кезеңнен өтуге мәжбүр болды. Әсіресе, қазақ қыздары білімнен құр қалып, отбасы, ошақ қасынан шыға алмады. Олардың білімге деген құштарлықтары жанбай жатып сөнді. Бұған сол замандағы Кеңес өкіметінің жымысқы саясатымен уланған жасы үлкендеріміз себеп болса керек. Осыны ескерген қазақ қоғамының “қаймақтары” орыс, татар қыздарына үйленді. Олардың өзін-өзі бағалауы мен психологиялық мәдениеттінің алдында бас иді.

Орыс қыздарын жар еткен қазақтың біртуар қайраткерлері

Stan.kz орыс қыздарын жар еткен зиялылар туралы ақпаратты назарларыңызға ұсынады.

XX ғасырдың 20-30 жылдары қазақ зиялылары көбінесе орыс және татар ұлтының қыздарына үйленді. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің әйелі – Валентина Николайқызы, Ахмет Байтұрсыновтың әйелі – Бәдрисафа Иванқызы, Әлихан Бөкейхановтың әйелі – Елена Яковқызы, Жүсіпбек Аймауытовтың әйелі – Евгения Кириллқызы, Қаныш Сәтбаевтың әйелі – Таисия Алексейқызы және т.б.-лар. Қазақ зиялыларының орыс қыздарына үйленуіне ішкі және сыртқы эстетикалық мәдениеті мол қазақ қыздарының жоқ болуы себеп болса керек. Ол заманда халқымыз үшін білім бірінші орында емес-ті. Ал мұның астарында Кеңес өкіметінің жымысқы саясаты жатыр.

Ахмет Байтұрсынов пен Александра Иванқызы

Ахмет Байтұрсынов татар көпесі Мұхаммед-Садықтың Бәдрисафа қызына ғашық болады. Сұм ажал бойжеткеннің өмірін ерте алады. Осыдан кейін Ахаң қазақ жеріне келген орманшы Иванның қызымен көңіл жарастырады. Олар үйленгенде Ахмет 25 жаста, ал жары 19-да болатын. Олардың махаббатының куәсі болған “Мұғалім” атты көл де бар. Десе де, қалың қазақ бұл аралас некені қабылдаудан бас тартады. Тіпті, жұрт арасында Ахметтің бойдақ болғанын айтып қауесет таратады. Жақындарынан қолдау таппағандықтан, қос ғашық некелерін Троицк қаласында қиюға мәжбүр болады. Осы жерде Александра ислам дінін қабылдап, екі ай бойы діни дәрістер тыңдайды.

Төле би келінін қалай таңдаған >>>

Ахметтің қалауымен оған мұсылманша ат қойылады. Бәдрисафа арабшадан аударғанда “Бадрун” — толық ай, “сафа” — кіршіксіз таза деген мағынаны білдіреді. Ахмет пен Бәдрисафаның өздерінен туған балалары болмаған. Олар Аумат, Қазихан, Шолпан есімді үш бала асырап алған. Қазихан мен Аумат ертерек қайтыс болып, Шолпан анасымен бірге айдауда болады. Көп ғалым мен жазушы Ахметтің қызға икемсіз болғандығын айтады. Десе де, мұны теріске шығаратын Ахаңның өлеңдері көп. Солардың бірі – келесі жарына арналған өлеңі:

Сұрасаңыз есімі Александра Ивановна,
Ризамын құдайдың оны маған қиғанына.
Бір кәпірді мұсылман қылып сауаптапсам,
Тұрмай ма он молданың иманына.

Әлихан Бөкейханов пен Елена Яковқызы

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов та орыс қызын жар еткен. Әлихантанушы ғалымдардың зерттеуінше, 35-36 жасында үйленген. Ол 1985 жылы Омбы қаласындағы Орман шаруашылығы училищесіне жұмысқа тұрады. Сол жерде математика пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелейді. Артынша “Степной край” газетіне жұмысқа тұрады. Жұмыс барысында саясаткер Яков Севостьяновпен танысып, етене жақын араласады. Екеуінің саясат пен қоғамдық қозғалыстарға деген көзқарасы бір болып шығады. Жақын қарым-қатынас орната келе саясаткердің қызы Еленамен де танысады. Яков мырза бір күні қызын шақыртып, Әлихан екеуіне ақ батасын береді. Алайда Әлиханның анасы бұл аралас некеге қарсы болады.

Бұл туралы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы да пікір білдірген-ді. “Әлиханның жеке өміріне қатысты мәліметтерде үйленуіне байланысты оқиғалар беймәлім күйінде қалып отыр. Оның өзге ұлттың және оның үстіне христьян дінінің қызына үйленгендігі – басты құпия емес. Әлихан өзіне қалыңдық ретінде орыс қызын, Елена Яковлевна Севостьяновнаны таңдады”, – деп жазады ол еңбектерінің бірінде. Әлихан мен Еленаның 1903 жылы Елизавета, 1904 жылы ұлы Сергей дүниеге келеді. Алаш ардақтысы қызын Зейнеп, ұлын Өкітай деп атайды. Өкінішке орай, Әлихан Бөкейхановтың өзіне де, оның балалары мен немересіне де туған жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мәскеу қаласында жерленді.

Орыс қыздарын жар еткен қазақтың біртуар қайраткерлері

Мұхтар Әуезов пен Валентина Николайқызы

Қалың қазақты әлемге танытқан Мұхтар Әуезов те орыс қызына үйленген. Бірнеше әйел алғанына қарамастан, жазушы отбасылық өмірдің бақытын сезіне алмаған. Оның Райхан, Кәмила, Валентина есімді үш әйелі болған. Райханға ауылдың ойын-сауық кештерінің бірінде ғашық болады. Әкесінің арқасында оның отбасымен танысып, ақыры үйленеді. Арада біраз уақыт өткен соң, Мұхтар Әуезов Семейге білім қуып кетеді. Осы жерде Абайдың немересі Кәмиламен танысады. Араға адамдар салып жүріп оған да қол жеткізеді. Екеуі қолұстасып Ленинград қаласына аттанады. Аталған қаланың ауа-райы Кәмила қызға жақпай қалады. Сөйтіп ол жалғыз ауылға қайтады.

Кәмила Мұхтар елге оралмай қойған соң, ішқұсадан қайтыс болады. Жақындарының айтуынша, Мұхтар өмірінің соңына дейін әйелінің өлімі үшін өзін кінәлап өткен. Кінәсін жуып-шаю үшін марқұм Кәмиладан “Абай жолы” арқылы кешірім сұрайды. Кәмиланың қазасынан кейін орыс қызы Валентинамен көңіл жарастырады. Бірақ, бұл жолы да отбасылық өмірдің бақытын сезіне алмай Ілияс Жансүгіровтің жесірі Фатима Ғабитовамен көңіл қосады. Екеуінің махаббатынан Мұрат Әуезов дүниеге келеді. Әуезов бұдан өзге Надя, Гүлбан, Ольга, Рәзия, Ғайни, Мәспен, Күлән, Оразкен, Аққал есімді сылқымдарға ғашық болған.

Мұстафа Шоқай мен Марина Горина

Мұстафа Шоқай тағдырдың тәлкегімен 1918 жылы Ташкент қаласына қашуға мәжбүр болады. Осы жерде екі ай тұрақтап, сәуір айында бұрынғы танысы Мария Горинамен некелеседі. 1918 жылдың 1 мамырында қайын атасы Горинның өтінішімен Ташкенттен Мәскеуге аттанады. Бұл уақытта Мария Мәскеудің опера театрларының бірінен шақырту алған болатын.

Францияның  Ножан-сюр-Марн қаласында Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылған. Әйелінің арқасында Еуропа халқы оның көптеген еңбегін оқыған. Осыны ескерген Францияға барған “Мұстафа Шоқайдың қазақ және француз достығы” ұйымының қазақстандық мүшелері Марияның бейітіне барып топырақ салады. Сол кезде әкімшілік Горинаның 1969 жылдың 14 сәуірінде қайтыс болғанын айтқан. Мария қайтыс боларынан 4 жыл бұрын өзін жерлейтін орынды таңдап, оны 50 жылға жалға алып қойған екен. Бұл мерзім аяқталғандықтан, Қызылорда әкімі Мұрат Мұхаммед тағы да 770 еуро төлеп (шетелде жер сатылмайды, оны тек жалға береді), мерзімді тағы 50 жылға ұзартты.

Каныш Имантаевич, Таисия Алексеевна и Меиз Сатпаевы

Қаныш Сәтбаев пен Таисия Алексейқызы

Геолог Қаныш Сәтбаевтың еңбектері туралы жиі айтылса да, отбасылық өмірі мен ұрпақтары туралы мәлімет тасада қалып қояды. Ғалымның екі әйелі болған. Осы әйелдерінен сүйген алты баланың екеуі шетінеп, біреуі ересек шағында қайтыс болады. Бірінші әйелі Шәрипадан Шәмшиябану, Ханиса есімді екі қыз сүйеді. Ал екінші әйелі Таисиядан Мейіз атты бір қызы бар.

Бақытжан Байқадамов пен Валентина Панфилова

Қазақ композиторы, хор өнерінің негізін салушы Бақытжан Байқадамов пен Валентина Панфилованың отбасында Айгүл, Алуа есімді екі қыз дүниеге келген. Арулар әлі күнге дейін ата-аналарының адал есімін сақтап қалу үшін еңбектенетіндіктерін айтады. “Біз алматылықтар өздерінің кімнің баласы екенін білмеген заманда туып-өстік. Ол уақытта әке-шешесінің аты дүркіреп тұрған жандарды ғана танитын еді. Олардың қатарында біз – Байқадамовтар да болдық. Себебі, таңертең радио қосылған кезде, менің әкемнің әндері шырқалатын. Қазірдің өзінде бізді “Байқадамовтың қыздары”, “Панфиловтың немерелері” деп таныстырады.

Бұл “лейтенант Шмидтің балалары” дегендей естіледі. Бірақ, біз ешуақытта ата-бабамыздың танымалдылығын пайдалануға тырысқан емеспіз. Тағдырыма ризамын, тегімді де құрметтеймін. Әкем хор өнерінің негізін салды, оның атында көшелер бар. Атамның тегін мені Гоголь-Панфилов көшелерінің қиылысында көлік қағып, қашып кеткен кезде ғана пайдаланғанмын. Мен көліктің нөмірін есте сақтап қалғандықтан, артынша ол зұлым ұсталды. Телефоннан оған “Ақымақ, сен мені атамның атындағы көшенің бойында қағып кеттің” деп айқайлаған болатынмын”, – дейді композитордың қызы Алуа “Жаңа ұрпақ” басылымына берген сұхбатында.

Орыс қыздарын жар еткен қазақтың біртуар қайраткерлері

Жүсіпбек Аймауытов пен Евгения Кириллқызы

Жүсіпбек Аймауытов өмірінде екі рет отасқан. Екеуінде де Вера Николайқызы, Евгения Кириллқызы есімді орыс қыздарына үйленген. Олардан Бектұр, Жанақ есімді екі ұл мен Муза есімді бір қыз сүйген. Жазушының екінші әйелінің түрі ұсқынсыздау болыпты. Мұны Сәбит Мұқанов та байқап, орыс қызын Жүсіпбекке лайық көрмеген екен. Тіпті, осы туралы жазушыдан сұрап бағады. Сонда Жүсіпбек Сәбитті Сырдың жағасына шақырады. Сәбит Мұқанов ертесінде межеленген жерге барып, Жүсіпбек пен Евгенияның серуендеп жүргенін көреді. Кенет жазушының әйелі шешініп, суға секіріп кетеді. Сонда жазушы жарын мінсіз тәні мен өзіне күтім жасай білетіндігі үшін сүйетінін айтқан екен. Евгенияның мінсіз тәнін көрген Сәбит те жазушының бұл сөздеріне күмән келтірмеген.

Алаштың арыстары мен елімізге еңбегі сіңген тұлғалардан талантты балалардың дүниеге келетіні анық. Бүгін бірі әке жолын қуса, енді бірі атақты тегін қанағат тұтуды жөн көрген. Қазақ зиялылары мен олардың сүйгендері бірнеше баланың әкесі мен анасы емес. Олар – қазақ қоғамы үшін тер төгіп, еліміздің жарқын болашаққа бір қадам жақындай түсуіне себепші болған жандар. Оларды әрдайым қадірлеп, еңбектерін бағалау – маңдайымызға жазылған бақ.

 

Талқылау