"Орталық Азияда су үшін соғыс басталуы мүмкін": Депутат дабыл қақты
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Орталық Азияда су үшін соғыс басталуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: parlam.kz
Депутат БҰҰ-ның зерттеулеріне сілтеме жасап, су тапшылығына қатысты 2050 жылға арналған болжамды жариялады.
"БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай су үшін соғыстар болуы мүмкін. Бұл соғыстар әсіресе Орталық Азияда болуы мүмкін, өйткені біздің аймақ құрғақ, жартылай шөлейт аймақтар. Сонымен қатар, адамдар бұл мәселенің 15-20 жылдан кейін-ақ басталуы мүмкін екенін түсінбейді, тіпті ауыз су тапшылығы өткір мәселеге айналады. Мемлекет басшысы "суды барлық жағынан үнемдеуіміз керек" деп бекер айтқан жоқ", – деді Сергей Пономарев.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда суға жауапты министрлік, оқу-ағарту және ғылым министрліктері тарапынан суды үнемдеу бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізілмейді.
"Біздің халық әлі күнге бұл мәселеге мән бермейді, тіпті күлкіге айналдырып жатыр, мен мұны олардың әлеуметтік желілеріндегі пікірлерден байқаймым", – деді депутат.
Депутат бұл мәселенің алдын алу үшін билік пен қоғам бірігіп әрекет етуі керек екенін айтты. Сонымен қатар, осы күнге дейін билік пен халық бірігіп шешкен экологиялық проблемалардан мысал келтірді.
“Естеріңізде болса, 90-шы жылдардың ортасында ауыр кезеңдер болды, жеуге ештеңе болмады. Сол кезде елімізде ақбөкендер аяусыз жойылды. Миллиондаған бас жануардан бар-жоғы 20 мың ғана ақбөкен, киік қалды. Міне, сол кезде қоғам қайраткерлері мен мемлекет бірігіп, бөкен популяциясын сақтау үшін орасан зор қорғау және идеологиялық жұмыстар жүргізді. Теледидар байқаулары өткізілді, бағдарламалар мен деректі фильмдер түсірілді", – деді Пономарев.
Депутаттың айтуынша, бұл мысал халықтың табиғат байлықтарын қалай күте алатынын көрсетеді. Депутат қазақстандықтарды суға қамқорлық жасау және тіршіліктің ең маңызды ресурсын сақтау идеясының төңірегінде бірігуге шақырды.