Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өрт сөндіруші Павлодардағы өртенген бутиктен қомақты ақша тауып, оны иесіне қайтарып берді

Өрт сөндіруші Павлодардағы "Арай" сауда үйінің өртеніп кеткен бутиктерінің бірінен қомақты ақша тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Арай" сауда үйіндегі өртті жойғаннан кейін барлау кезінде өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкері азаматтық қорғау подполковнигі Бауыржан Жангузин екінші қабаттағы бутиктердің бірінен ірі соманы тапты", - деп хабарлады Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметінде.

Ақша қағаз қорапта болды, өрт бірнеше купюраларды ғана зақымдаған.

"Бутик иесіне мен бірден ақша таптым деп айтпадым. Оның шынымен иесіне көз жеткізу үшін  қанша ақша бар екенін сұрадым. Бәрі сәйкес келгеннен кейін иесі ақшаны алды, қатты қуанды, маған алғыс айтты. Мен мұны ерлік деп санамаймын, адамгершілік қасиеттер әрбір азаматта болуы керек, бұл қалыпты жағдай", - деді Жангузин.

Өртенген сауда үйінде елуден астам кәсіпкер бутиктерді жалға алды. Жалға алушылардың әрқайсысы миллиондаған шығынға ұшырады. 

Сауда үйінің бірінші қабатында азық - түлік бөлімдері, екінші қабатында киім-кешек бутиктері, кеңселер, гүл дүкені және зоодүкен орналасқан.

Облыстық ТЖД мәліметінше, соңғы рет сауда үйі 2018 жылы бас прокуратураның тапсырмасы бойынша тексерілген. Сол кезде тексерушілер 11 бұзушылықты, оның ішінде өрт сөндіру жүйесінің жоқтығын анықтады. Сауда үйінің иесіне бұзушылықты жоюға міндеттелді және әкімшілік айыппұл салынды.

"Тексеру сол жылы тағайындалды, бірақ сауда үйінің иесінің қайтыс болуына байланысты ол жүргізілген жоқ. 2019 жылы сауда үйі тексерілмеді, өйткені Кәсіпкерлік кодекс бойынша жаңа иесі аккредиттелген ұйым берген өрт қауіпсіздігі туралы қорытындының болуына байланысты тексерістен босатылды. 2020 жылы мораторийді ескере отырып, ол үш жылға тексерулерден босатылды. Өрт қауіпсіздігін бұзу туралы шағымдар түскен жоқ", - деді брифингте облыстық ТЖД бастығы Ернұр Өтегенов.

Айта кетейік, "Арай" сауда үйінде өрт 12 қазанға қараған түні басталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің себебі жарықтандыру қалқанының қысқа тұйықталуы болды.

Талқылау