Оралда шетелдіктерге баспананы заңсыз берген тұрғындар жауапқа тартылды
Мемлекеттік кірістер департаменті Орал қаласының тұрғындары шетелдіктерге заңсыз баспана бергені үшін жазаланғанын мәлімдеді. Тәртіп бұзушылар полицейлер жүргізген рейд барысында анықталған. Олар мобилизациядан кейін келген ресейліктер ағымын пайдалануға тырысқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Мобилизация жарияланғаннан кейін Оралға 70 мың ресейлік келген. Сол сәтте тұрғын үйді жалдау, жолаушыларды тасымалдау екі есеге қымбаттады.
Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы осыған орай келушілерден табыс тауып, салық төлемей жүрген 70 қазақстандықтың анықталғанын алға тартты. Бесеуіне іс қозғалып, 45 000 теңге айыппұл төлеген.
“Аталған азаматтарға әкімшілік материалдар жасалып, сотқа жолданды. Сондай-ақ, бұл құқық бұзушыларға ӘҚБтК-нің 463-бабына сәйкес 15 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын хабарлаймыз”,- деді БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Абылай Малаев.
- "Рахметін бердім": Алматыда ресейлік блогер жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, видеосын желіге жүктеген
- "Біз қайыршы емеспіз!": Атырауда көшеде гитарамен ән айтқан ресейлік азаматтар айыппұл арқалады
Бүгінде Оралда тұру үшін екі жарым мыңға жуық ресейлік қалған. Шекарадағы жағдай тұрақталып, тұрғын үй бағасы да арзандады. Пәтер ақысы қазір айына 50-ден 100 мың теңгеге дейін тұрақтаған. Алайда баспаналарын заңсыз жалға берушілер мен тасымалдаушыларды анықтау жұмыстары жалғасуда.