Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейдің бірнеше аймағында қазақ тілінде мектеп ашылады

Қазақ мектебі Ресейде
Фото: freepik.com

Қазақстан Ресейдің Омбы, Астрахань қалалары мен Орынбор облысында аралас форматтағы үш мектеп салуды жоспарлап отыр. Оқу орындарында оқушылар қазақ және орыс тілдерін қатар меңгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстан Ресей аумағында үш мектеп салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей тарапы Қазақстанның Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында білім беру нысандарын салуды ұсынған. Өз кезегінде Қазақстан Орынбор облысында, Омбы қаласында және Астраханьда мектептер тұрғызу бастамасын көтерген.

Қазір жоба инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық мәселелерді келісу кезеңінде тұр.

"Орынбор облысында жер телімі алдын ала келісілген. Ал Омбы мен Астрахань бойынша жұмыс жалғасып жатыр", – деді Серік Жұманғарин.

Жұманғариннің сөзінше, ұлттық белгілер бойынша бөлінген жеке мектептер емес, аралас білім беру үлгісіндегі оқу орындары болады.

Оқу бағдарламасында қазақ және орыс тілдерін қатар меңгеру қарастырылған.

"Жоқ, барлық жерде аралас оқыту жүйесі болады. Онда да, мұнда да қазақ және орыс тілдері оқытылады. Оқушылар екі тілді де меңгереді", – деп атап өтті вице-премьер.

Жобаны жүзеге асыру мерзімі білім беру бағдарламалары мен оқыту әдістемелерін келісу жұмыстарының аяқталуына байланысты. Тиісті келісімдерге қол қойылғаннан кейін мектептердің құрылысы шамамен бір жылдан бір жарым жылға дейінгі мерзімде аяқталуы мүмкін.

"Келісімге қол қойылған соң мектепті бір жылда немесе ең көбі бір жарым жылда салып бітіреміз", – деді Серік Жұманғарин.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Ресей президенттері Астанадағы "Қазақстан – Сириус" халықаралық білім беру кешенінің құрылысына ресми түрде бастап берген еді. Келешек кешеннің капсуласын салу рәсімі онлайн форматта өтіп, оған Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин қатысты.

Жоба екі мемлекет арасындағы келісімдер аясында жүзеге асырылып жатыр. Ол Ресейдегі Сириус үлгісі бойынша Қазақстанның екі қаласында Астана және Алматы қалаларында заманауи білім беру орталықтарының желісін құруды көздейді. Алматыда мектеп пен орталықтың алғашқы іргетасы 2026 жылдың қаңтар айында қаланған.

Айым Атамбаева
Жұма, 29 Мамыр, 2026 12:08