Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Олигарх Клебанов Екібастұздағы жылу-электр орталығын мемлекетке 1 теңгеге сатуға дайын – Ерлан Сайыров

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Александр Клебановтың Екібастұз жылу-электр орталығын 1 теңгеге мемлекетке сатуға әзір екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Клебанов

Сайыровтың сөзінше, ол олигарх Александр Клебановты әкімдіктегі отырыс кезінде көрген және жылу-электр орталығының болашағы туралы сұрақ қойған.

"Екі күн бұрын әкімдікте отырыс өтті, ол жерде Клебанов та болды және бұл сұрақты бір Клебановқа қойдық. Ол нысанды мемлекет меншігіне 1 теңгеге беруге дайын екенін мәлімдеді. Біз бұлай болмайтынын айттық. Нысанды меншігіне алған кездегі тозу деңгейі мен қазіргі тозу деңгейін салыстырып, айырмашылықты төлеу керегін жеткіздік. Екіншіден, ол Екібастұз тұрғындарына моральдық өтемақы төлеуі керек", – деді мәжіліс депутаты.

Бұған дейін мәжіліс отырысында Ерлан Сайыров премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурордың атына сауал жолдап, Екібастұзда жылу-электр орталығының тозу деңгейі 91%-ға жеткенін және орталықта кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілмегенін әрі бұған бөлінген инвестицияның жеткіліксіз екенін айтқан. 

"Нысандарды әділетсіз жолмен иемденіп алған олигархиялық топтар халық меншігін ондаған жылдар бойы қолданып, табыс тапты. Бірақ магистральді желі мен жылу-электр орталықтарын жетілдіруге ақша салғысы келмейді. Бұл – азаматтарға және мемлекетке деген әділетсіз қарым-қатынас. 

Олигархтардың қарапайым адамдардың қызығушылығына түкіргені бар секілді. Көпшілік алдында кешірім сұрауына болар еді. Олар нысандардан бар пайданы сүліктей сорып алып, енді мәселені мемлекет пен азаматтарға артып қоймақшы", – деп мәлімдеді депутат. 

Сонымен қатар ол энергетика кәсіпорындарын толық техникалық аудиттен өткізу керегін айтқан. 

“Жылу-электр орталықтары, магистарльді трубалардың тозу дәрежесін анықтай отырып, халықтан алынатын тарифтердің инвестициялық бөліктерінің қайда кеткендігін анықтап, жылу-электр орталықтары мен магистарльдардың техникалық жағдайы үшін кәсіпорын акционерлерінің құқықтық жауапкершілігін қарастыру қажет. Жалпы энергетика саласына, стратегиялық сала болғандықтан, қоғамдық бақылау орнатуға жан-жақты көңіл бөлу керек”, – деп қосты Сайыров өз депутаттық сауалында. 

Айта кетейік, бұған дейін сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұз тұрғындарына келтірілген шығындарды Орталық-Азия Электроэнергетикалық корпорациясының иелері төлейтінін мәлімдеген еді. 

Талқылау