Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Олар шын кінәліні ұстамады": 18 жастағы сарбаздың өліміне күдікті деп танылған әскеридің анасы жаңа деректермен бөлісті

Жамбыл облысында әскери борышын өтеу кезінде көз жұмған ақтаулық Әлібек Қалбайдың ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Сарбаз 22 сәуір күні Қордай ауданының Отар елді-мекеніндегі әскери бөлімшеде көз жұмған еді. Қайғылы оқиғаға мемлекет басшысы Қасым-Жомат Тоқаев назар аударғаннан кейін, күдікті ретінде марқұммен әскерге қатар шақырылған сарбаз Айболат Аманжолов ұсталды. Айболаттың анасы ұлының кінәсіз екенін айтуда. Әйелдің сөзінше, шын кінәлі бостандықта жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақ Жайық” газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі уақытта Аманжолов қамауда. Ал оның анасы мен туыстары тергеудің әділ жүргізілгенін талап етуде. Олар жігіттің кінәсіз екеніне сенімді. Бұған дейін Айболаттың анасы әлеуметтік желіде президентке видео-үндеу де жолдаған еді. 

Екі сарбаз да әскерге 13 сәуір күні шақырылған, тіпті ант қабылдап үлгермеген. 22 сәуір күні таңертең Әлібек Қалбай сапқа тұру кезінде есінен танған. Отардағы әскери емханаға жеткізілген жас жігіт сонда есін жимастан мерт болды. 

Көп ұзамай сот-медицина сарапшылары жігіттің денесінен (желкесінен, оң жақ саны, бауыры мен оң жақ бүйрегі тұсынан) қанды ісіктер анықтады. 

Ал сарбаздың өліміне күдікті деп ұсталған Айболат Аманжоловтың анасы шын кінәлінің бостандықта жүргенін айтады. 42 жастағы әйелдің айтуынша, Айболат пен Әлібек елдің батыс аймағынан болғандықтан, тез тіл табысып, достасып кеткен. 



Ұлының әскерге барғанын анасы өзі қалапты. Алғашқы күндері сарбаз анасымен телефон арқылы байланысып отырған. 

"Алғашқы күндері жағдайының жақсы екенін, ешкім ренжітпейтінін, дұрыс тамақтанып жүргенін айтты. Кейін қызым 22 сәуір күні ұлым борышын өтеп жүрген бөлімшеде сарбаздың қайтыс болғанын айтты. Жедел түрде тағы бір сарбаздың анасымен бірге облыстық қорғаныс департаментіне бардық. Кейін әскери бөлімше командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Серік Нұралинмен хабарласып, ұлдарымыздың аман екенін білдік", –  дейді Айболаттың анасы А.Тулемисова.

Алайда үйге келген соң, әйел ұлынан жайсыз хабар алған. Айболат жылап, кінәні өзіне жауып жатқанын айтқан. Тезірек бөлімшеге жетуді, жақсы адвокат табуды өтінген. Ал 23 сәуір күні бөлімшеге жеткен Айболаттың ата-анасы қақпаның алдында екі сағат күткендерін айтады. 

"Күн суық еді. Бүкіл отбасымызбен күтіп тұрдық. Екі сағаттан кейін ақыры әскери киім киген екі адам ұлымызды ертіп келді. Оның айтуынша, Ақтаудан келген әлгі жігітпен екеуі дос болған. Ғимараттан шыға берісте, ұлым оның иығына қолын қойып, ант қабылдау рәсіміне туыстарынан кімнің келетінін сұраған. Болды, бары сол. Петропавлдан келген басқа сарбаз Әлібектің менің ұлыммен төбелескенін көріпті-мыс. Бірақ 40-тан аса өзге сарбаздар ешқандай төбелестің болмағанын айтты. "Төбелессе, біз ажыратар едік" дейді. Тіпті, сержанттар төбелестің болмағанын жеткізген.

Президенттің тапсырмасынан кейін, әскери тергеушілер тез арада кінәліні таппақ болды деп ойлаймын. Маған жеткен ақпарат бойынша, тергеуші өзге сарбаздарға: "Әлібекті Айболат ұрып-соқты деп айтпасаңдар, әскери форма кимей-ақ қойсаңдар болады, "борышты өтемей, демала берсеңдер болады", – деп айтқан.

Бірақ сарбаздар келіспеген. Әлібек сапта тұрғанда құлаған. Менің ұлым жылап, оның қолынан ұстаған, ал қалғандар көмек көрсеткен. Кейін сарбазды медициналық бөлімшеге алып кеткен. Тергеуге Петропавлдан келген сол сарбаз соңғы болып кіріпті. Әлібекті менің ұлым ұрғанын сол айтыпты. Мұндай мәлімдеме жасауына қалай көндіргендерін білмеймін. Айболаттың денесі ірі емес, соққысы да әлсіз. Жалпы адам баласын ұруы мүмкін емес", - дейді күдіктінің анасы. 

Бұдан бөлек, әйелдің айтуынша, олар әскери бөлімшенің алдында тұрғанда әскери киім киген бір адам оның жанына келіп, ұлының кінәсіз екенін айтқан. Ол бір сержанттың Әлібекті үнемі кемсітіп-қорлағанын, ал қайтыс боларының алдындағы түні марқұмды бір жаққа алып кеткенін байқаған. 

"Кейін осыны айтқан жігіт тез арада кетіп қалды. Әлгі сержанттың тегін есінде сақтағанын айтты. Менде ол жазулы тұр", – дейді Тулемисова. 

Айболаттың анасы әділетсіздіктің салдарынан ұлы өзіне қол жұмсай ма деп қорқады.

Айта кетсек, Жамбыл облысы Қордай ауданындағы №30212 әскери бөлмішесінде борышын өтеп жүрген 18 жастағы сарбаз мерт болған еді. Ол Отан алдындағы борышын өтеу үшін 18 сәуірде барған, бірақ 4 күннен соң жақындарына қаралы хабар жетеді. Қаза тапқан сарбаз Әлібек Қалбайдың денесі өткен аптада туған жері Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылына жеткізілді. 

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында көз жұмған 18 жастағы сарбаздың өліміне қатысты пікір білдірген еді. Көп ұзамай, Айболат Аманжолов күдікті деп танылды. Ал оның анасы президентке видео-үндеу жолдады.

 

Талқылау