Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ол көп азап шекті": Нұрсұлтан Назарбаев інісін соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде сөз сөйледі

Болат Назарбаев Алматы облысындағы Үшқоңыр (Шамалған) ауылында жерленді. Жерлеуге Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер-министр Әлихан Смайылов қатысып, көпшілік алдында сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Нұрсұлтан Назарбаев інісінің кең пейілді, ақкөңіл жан екенін атап өтті. Айтуынша, інісі соңғы екі жарым жыл ішінде өте қатты ауырған.

"Біз осы ауылда туып-өстік. Ол біздің үйдің кенжесі еді. Көп еңбек етті, мектепке, ауылға көмектесті, мешіт салды. Еңбек етіп, бала өсірді. Армансыз өмір сүрді деуге болады. Оның өмірі әлі алда болатын. Екі жарым жыл қатты ауырып, жүре алмайтын, сөйлей алмайтын, өз бетімен тамақ іше алмайтын хәлге жетті. Көп азап шекті. Қателік жібермейтін адам жоқ. Отбасымызға көңіл айтқандарға мың алғыс. Кешеден бері көптеген адамдармен сөйлестім, олар көп жақсылық жасады", — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жерлеу рәсімі алдында үкімет басшысы да сөз сөйлеп, марқұмның отбасына көңіл айтты. Алматы облысының наиб имамы дұға оқып, марқұмды жақсы сөзбен ақтық сапарға шығарып, қателіктерінің кешірілуін сұрады.

Болат Назарбаевтың үйінде өткен жерлеу рәсіміне бірнеше мың адам келді. Сондай-ақ Ермұхамет Ертісбаев, Амандық Баталов, Нұртай Әбіқаев сынды саяси және қоғам қайраткерлері оны соңғы сапарға шығарып салды. Өнер адамдарынан Біржан Хасанғалиев болды.

Марқұм Назарбаевтар отбасының жақын туыстары жерленген зиратқа жерленді. Зиратқа баруға туыстарына ғана рұқсат етілді.

Еске сала кетейік, 13 қарашада Болат Назарбаев 71 жасқа қараған шағында Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада көз жұмды. Бастапқыда аурухана өкілдері бұл ақпаратқа қатысты пікір білдіруден бас тартқанымен, көп ұзамай экс-президенттің інісінің өлімін растады. 

Бұған дейін ол соңғы 2 жыл бойы төсек тартып жатқаны туралы хабарланған еді. Оған қант диабеті мен бүйрек жеткіліксіздігінің салдарынан асқынған көмей қатерлі ісігі диагнозы қойылған.

Көз жұмғаннан соң оның қанша активі қалғаны белгілі болды. 

Талқылау