"Оқушыға ұрысып, итеріп жіберген": Алматы облысында мұғалімнің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Алматы облысы Талғар қаласындағы мектептердің бірінде мұғалім оқушыны итеріп жіберген. Аталған оқиғаға байланысты мұғалімнің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан алынды
Желіде мұғалімнің қате орындалған тапсырма үшін мектеп оқушысына ұрысып жатқан видеосы тарады. Кадрлардан оның оқушыны итеріп жібергенін және баланың еденге құлағанын байқауға болады. Желі қолданушылары видеоның Талғар қаласындағы мектептердің бірінде түсірілгенін айтты.
Алматы облысының әкімдігі мектептің Талғар қаласында орналасқанын, бірақ білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ екенін хабарлады. Қазіргі таңда мекемеде 81 бала білім алып, 24 мұғалім жұмыс істейді.
"Мұғалімнің әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабында "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан" құқық бұзушылық болып табылады", - делінген хабарламада.
Алматы облысының прокуратурасы аталған факті қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін және сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Аудан прокуратурасымен облыстық орта білім сапасы басқармасына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді.