"Зиратқа апарып екі досты атып өлтірген": Ақмола облысында оққа ұшқан ММА бапкерінің анасы тергеудің әділ өтуін талап етеді
Ақмола облысы Ақкөлде 11 тамыз түнгі 2-де ММА бапкері Қайырбек Сәбиев пен оның досы Назарбай Тұрлыбекті атып өлтірген. 26 жастағы жігіттің анасы кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп қорқады. Себебі оқ атылған тапанша әлі күнге дейін табылмаған. Қайғыға батқан ана Stan.kz тілшісіне оқиғаны толық баяндап берді.
Фото: Гүлжан Бүргеғұлованың жеке архивінен
Марқұм Қайырбек Сәбиевтің анасы Гүлжан Бүргеғұлова мәселе Тоқаевқа жеткенін қалайды. Тұңғышынан айырылған ананың сөзінше, күдіктілердің жақындары өте беделді адамдар және тергеуге әсер етіп кетуі мүмкін.
26 жастағы Қайырбек Сәбиев – спортшы, ММА бапкері. 3 жыл бапкерлік мансабында балаларын Қырғызстанға, тағы басқа елдерге жарыстарға апарып жүрген. Артында 24 жастағы келіншегі және 2,5, 1,5 жастағы ұл-қызы қалды.
“Түнде 92 жылғы екі жігіт менің ұлымды және оның екі досын көлікке мінгізіп, қала сыртына алып кеткен. Не үшін, неге тиіскендерін білмеймін, не керек болғанын түсінбедім. Орыс зиратына келіп, далаға шыққанда, оларға тапаншамен оқ жаудырған. Ұлыма, Назарбайға оқ тиген, ал үшінші досы тығылып, қашып үлгерген. Қайырбек ауруханаға жетпей, мерт болды, ал Назарбай бір күн комада жатып жан тапсырды”, – деді марқұмның анасы.
Сорақысы, оқиға орнында күдіктілер ұсталғанымен, тапанша әлі күнге дейін табылмапты. Енді Бүргеғұлова басты дәлелдің жоғалып кеткеніне алаңдаулы. Сөзінше, сол жерде күдікті оқ атқан соң, біреу тапаншаны алып кетіп, жасырып қойған.
“Қарапайым жігіттерде қайдан қару болады? Қайдан алған? Мысалы, неге менің баламда немесе көрші балаларда мұндай қару жоқ? Демек бұл жігіттердің тіреуі бар, мұндайға еті үйренген. Аталмыш күдіктілер – Каримов, Балғожинді бүкіл ауыл біледі, олардан бәрі қорқады. Тіпті қашып құтылған үшінші жігіттің үйіне күзет қойылды. Неге? Өйткені қастандық жасала ма деген қорқыныш бар. Ал қару табылмай жатыр, тергеуге дейін таппауы да мүмкін. Біреу тапаншаны жасырып отырған сияқты. “Іздеп жатырмыз” дейді, бірақ іздесе, табылуы керек қой. Бәлкім оларға да қысым жасалып отыр деген ой келеді”, – деді ана.
Тергеу әділ өтпеуі мүмкін деген қорқыныштан ана оқиғаны желіде айта бастады, Тоқаевқа үндеу жолдаған. Алайда үндеуден кейін оны 20 тамызда полиция бөлімшесіне шақырып, желіге ештеңе жарияламауды сұраған. Сөздерінше, тергеуге бөгет болады депті.
“Мен – жалғызбасты анамын. Екі баламды өзім сүйреп өсіргенде, енді өсіп, аяққа тұрды дегенде бір баламды алып кетті. Қазір екі баласы қайта-қайта әкелерін іздейді. “Әке, әке” деп далаға қарап тұрады. Ал мен оларға не айтамын? Қалай түсіндіремін?”, – деді Гүлжан Бүргеғұлова.
Аталған дерекке қатысты пікір білдірген полиция департаменті әлі тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.
“Тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабы “Алдын ала сөз байласу арқылы топпен жасалған екі адамды өлтіру” бойынша жүргізіліп жатыр. Қылмыскерлерге 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазір күдіктілер анықталып, ұсталды. Барлық қажет іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды”, – деп мәлімдеді Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Данияр Бек.
Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысында ММА бапкерін атып кеткенін жаздық.