Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нью-Йорктегі қымбат пәтерлер": Бұрынғы Антикор қызметкерінің отбасы шетелде элиталық мүлікке иелік етеді

Фото: streeteasy.com/surl.li

Антикор қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Нұрлан Шабдар мен оның әйелі және қызының құны миллиардтаған теңге болатын мүлкі туралы ақпарат тарады. Шендінің отбасының Нью-Йорк қаласында құны шамамен 2,5 миллиард теңге болатын екі пәтері анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттгі хабарлайды.  

“Выход к морю” Telegram арнасының мәліметінше, Нұрлан Шабдардың жұбайы Меруерт Қисамиева мен қызы Алуа Шабдарда Нью-Йорк қаласында екі пәтер тіркелген. Екеуі де Манхэттен ауданында орналасқан. Бұл пәтерлердің жалпы құны 5 миллион доллардан, яғни шамамен 2,5 миллиард теңге.

“Алғашқы пәтер – екі қабатты, өте сәнді пентхаус. Ол Шығыс 76-көшесінде, Джон Джей паркіне жақын жерде орналасқан. Терезелерінен Ист-Ривер өзені көрінеді. Пәтерде 4 жатын бөлме, 5 жуынатын бөлме, қонақ бөлме, ас үйі бар асхана бар. Үй іші қымбат жиһаздармен және заманауи техникамен жабдықталған. Аумағы – 280 шаршы метр. Ғимарат тәулік бойы күзетіледі. Ішінде фитнес орталық, жұмыс кездесулеріне арналған бөлмелер және шатырдағы бақ бар. Қазір бұл пәтер айына 20 мың долларға жалға беріліп отыр”, – делінген жазбада. 

Деректерге сүйенсек, екінші пәтер қарапайымдау, бірақ Манхэттеннің дәл ортасында орналасқан.

Жақын маңда Эмпайр-стейт-билдинг пен Мэдисон-сквер бар. Пәтердің аумағы шамамен 80 шаршы метр. Ішінде бір жатын бөлме, ас үймен біріктірілген қонақ бөлме және жуынатын бөлме бар. Ол айына 7 мың долларға жалға беріледі.

Бұл екі пәтер Нью-Йоркте тіркелген Aula Estates LLC деген компания арқылы рәсімделген. Кейін бұл компания жабылып, Флоридада дәл осындай атаумен жаңа фирма ашылған. Бірақ ол да кейін жабылған. Соған қарамастан, Нью-Йорк деректеріне сүйенсек, пәтерлердің иелері өзгермеген. Яғни, олар әлі де Меруерт Қисамиева мен Алуа Шабдардың меншігінде.



Шендінің отбасында Қазақстанда да өздеріне тиесілі Alua деген компаниясы бар. Ал Флоридадағы құжаттарда қыздың тегі әдейі қате жазылған болуы мүмкін. Бұл америкалық тіркеулерде іздеуді қиындату үшін жасалған деген болжам бар.

“Нью-Йорктегі пәтерлер – бұл отбасының жалғыз қымбат мүлкі емес. 2024 жылы Меруерт Қисамиева Алматы маңындағы элиталы ауданнан 2 миллиард теңгеге зәулім үйді сатуға қойған. Үйдің аумағы 1100 шаршы метрден асады. Жер телімі – 22 сотық. Осы жарияланымнан кейін Нұрлан Шабдардың бұрынғы әріптестері бұл мүліктің заңды жолмен алынған-алынбағанын тексере бастаған.

Сонымен қатар, Болгарияда да бұл отбасының бірнеше таунхаусы бар екені анықталған. Олардың бірін Нұрлан Шабдар 2017 жылы өзі сатып алған. Кейін ол мемлекеттік қызметке орналасқан. Әкесі бұл мүлікке қатысы жоқ екенін айтқанымен, құжаттар бұл сөзді растамаған”, – делінген жазбада.

Нұрлан Шабдардың әйелі Меруерт Қисамиева мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Ол кафе, балалар орталығы, логистика және тау-кен салаларындағы бизнеске иелік етеді. Оның серіктестері арасында Қырғызстандағы ықпалды отбасылар да бар. Олар бір кездері Қытайдан контрабандаға қатысты дауға іліккен, бірақ жауапкершіліктен құтылған.

STAN.KZ
Жұма, 06 Ақпан, 2026 14:34