Нұртілеу Иманғалиұлы: Телевизия қазір биліктің орындаушысы
Қазақ телевизиясының мэтрі Ұлттық арна эфиріне қайта оралды. Нұртілеу Иманғалиұлын көрермені әбден аңсап, күтіп отырғаны белгілі. Мәселені мәнімен, көлденең қоюдан қорықпайтын тұлғаның жаңа жобасынан не күтеміз? Кімдер қонақ болады? Stan.kz тілшісі біліп қайтты.
Нұртілеу аға, эфирге қайта оралуыңызбен!
Мен эфирден кеткем жоқ...
Ұлттық арнаға дегенім ғой. "Нұр-Тілеуден" не күтеміз?
"Нұр-Тілеуден" ұлтымыздың алтын асықтай азаматтарының тілінің ұшындағы ғана емес, жүрегінің тұсындағы гәпті естиміз деп үміттенемін. Бұл жоба теледидары толған у-шу мен шоулардан шаршай бастаған көңілі патша көрерменге біруақ ескі сөз, есті сөз, бәлкім сесті сөз айтады деп отырмыз. Өйткені, сұхбат-диологқа кез-келген қазақ шақырылмайды. Аты бар, ел-жұрттың алдында абыройлы, айтар ойы анық, бүкпесіз ақ сөйлейтін, нақ сөйлейтін тұлғалармен жүздессек деп армандаймыз. Саясаттан ада, ұлттық құндылықарды әспеттейтін жоба бұл. Науқаншыл емеспіз, бірақ жайдақ, жалтақ та бола қоймаспыз. Құндылықтарды қайта бағалау қоғамды жетілдірудің тәсілі деген ұстанымдағы жоба.
Алғашқы хабардың қонағын құпия болмаса айтасыз ба?
Абайтанушы ірі ғалым, әдебиетші Мекемтас аға Мырзахметов, қоғам қайраткері, дипломат, мұхтартанушы Мұрат Әуезов, журналист, жазушы, публицист Марат Тоқашбаев, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, Ұлттық тағам академиясының президенті, дәрігер Төрегелді Шарманов сияқты тұлғаларға, Алматы қаласы мен Жамбыл облысының әкімдері Бақытжан Сағынтаев пен Асқар Мырзахметов мырзаларға ұсыныс жасап, қолқа салдық. Көреміз кім келерін...
Сіз тәжірибелі тележүргізуші ретінде диалогты қандай принципке байлайсыз десем...
Шама келсе, өткенді аңсау, бүгінді талдау, болашақты барлау деген принципке жүгінетін болармын. Тәжірибе демекші, кейіпкермен шын байланысқа түсудің жолдарын іздермін. Контакт керек екенін анық білемін. Бұл бір, екіншіден сөйлеу коммуникациясы деген ұғым бар. Негізінде ол бұлжымас шарт. Арғы-бергі ата-бабаларымыз бұл мәселені ерекше бағалағанын білесіз ғой. Шешендік өнер. Қаз дауысты Қазыбек би: "Сен темір болсаң, мен көмір, еріткелі келгенмін", - деген сияқты мысалдар жетіп артылады. Бірақ, өкінішке орай, бұл ғылым ретінде тоқырады-ау деп ойлаймын. Білесіз бе, АҚШ-тың бір университетінде дәл солай "Сөйлеу коммуникациясы" деген факультет бар екен.
Аға, сізді осы саланың қандай ең маңызды мәселесі ойландырады?
Маңызды мәселе бұл салада өте көп. Айталық кадр дайындау, жүйелі мектеп қалыптастыру, режиссураны дамыту, толып жатыр. Ал, маңыздының маңыздысы-телевизияны өнер деп қарау үшін ғылыми айналымға түсіру. Бұл тек БАҚ қана емес, әрі ағартушы, әрі идеология. Сананы күндіз-түні кемірген күйкі күннің ақ кісісі телевизияға мемлекеттік көзқарас ұлттық негізде құрылуы тиіс деген мәселе. Меніңше, телевизия қазір биліктің орындаушысы, қызметшісі сияқты.
Тағы бір сұрақ. «Евразия» арнасындағы, «Жетісу» интернеттегі хабарларыңыз не болады?
«Евразия» арнасындағы «Заң сөйлесін» жобасын бұдан былай осы бағдарламаның жанашыры, продюсері, жас әріптесім Дәнеш деген азамат қолына алса дұрыс болар еді деп пікірімді айтқанмын. Екі жыл жүргіздім. Аса биік бағалаған ұжымға алғыс айтамын. Тегі, құрмет келерде қиын, кетерде құйын ғой. Бірақ Шәкәрім ақын айтқан сөз бар: "Құбылған әлем жарысы, ақылды жанның табысы". Қолдағы бар заңымыз ғана емес, тіршілігімізде ар заңымыз да сөйлеуі тиіс, бұл анық.
Ал, «Жетісу» интернеттегі «Бай-қуатты болайық» жобасы жалғасады деп отырмыз. Тегінде тегеурінді тележурналист Бейсен Құранбек пен сол ұжымдағы іні-қарындастарыма ниетім ерекше. Үнемі ізденістегі жас әріптестеріме жуықта өтеле қоймайтын қарызбын. Бұл да жауапкершілік.
Ұстаздарыңыз бен шәкірттеріңіз жайлы қысқа пікір білдіресіз бе?
Жоқ, қысқа қайыра алмаймын. Қай-қайсы да ерекше, бөлекше, асықпай саралап, талдап, құрметпен пікір білдіретін жандар. Телевизияның мектебін қалыптастырған ұстаз тұлғалар мен сол шеруді жалғастырушы буынның ғажайып өкілдері туралы кеңейтіп айтар кез де болар. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Тағы сол кемеңгер қазақтың сөзімен түйндейін. "Қасқа айғырдың құлыны қасқа тумаса да төбел туады". Шүкір бармыз.
Біз бүгін жалпы планда ғана ой түйдік. Келесі бір кездесуімізде, орта планда да, ірі планда да көрінерміз. Бәріміз бай-қуатты болайық!
Сұқбаттасқан: Жанна МӘЛІК