Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық ғылым академиясының мүшелігінен алынып тасталды
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек президенттің шешімімен жаңа Ғылым академиясы құрылғанын айтты. Қазір оның құрамында тоғыз академик бар, ал бұрынғы тізімнің күші жойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
\
Фото: Тұңғыш президенттің сайты
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдан бері Ұлттық ғылым академиясының мүшелігінде. Оның есімі жаңа тізімнен алынып тасталды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ғылым академиясына қазір мықты ғалымдар тартылып жатыр.
Министрдің айтуынша, 2000 жылдары құрылған Ғылым академиясы бүгінде жаңа мәртебеге ие болды.
“Қазір Республикалық қоғамдық бірлестік құрылды, бұл – ескі Ғылым академиясы. Жаңа Ғылым академиясына сайлау өтіп, 15 адам қабылданды. Бізде тамыз-қыркүйек айларында жаңа сайлау циклі өтеді. Біз біртіндеп Ғылым академиясына мықты ғалымдарды қабылдаймыз”, – дейді Саясат Нұрбек.
Ол экс-президенттің академиктер тізімінен шығарылғанын растады. Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа елдерде ғылыми атақтары бар. Оның Ресей мен Беларусиядағы академиялық дәрежесі сақталды. Сонымен қатар Халықаралық ақпараттандыру академиясында, Халықаралық технологиялық ғылымдар академиясында және Ислам ғылым академиясында мүше болып қала бермек.
Сондай-ақ Назарабаев Мәскеу мемлекеттік университетінің, МГИМО, Пекин, Кембридж, корей, Билкент (Түркияда), Қазан және Орал университеттерінің құрметті профессоры әрі докторы.
Министрдің сөзінше, көптеген академиктердің мәртебесі қайта қалпына келтірілді.
"Ғылым академиясына бірте-бірте мықты ғалымдарды қабылдайтын боламыз. Бұрын академияда болған тұлғалардың статусы қалпына келтірілді. Жаңадан сайланған академиктер өте мықты, мойындалған ғалымдар. Олар Қазақ нейрохирургия қауымдастығының президенті Серік Ақшолақов, Қазақстандағы репродуктологияның негізін салушылардың бірі Вячеслав Локшин, Назарбаев университетінің профессоры Дурвудхан Сұраған, Ядролық физика институтының жетекшісі Максим Здоровец, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, физик Тілекқабыл Рамазанов", – деді министр.
Министрдің айтуынша, қазір Ұлттық ғылым академиясында небәрі 9 мүше бар.
Ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметке қарағанда, Қазақстан Ғылым академиясының академигі мәртебесі Назарбаевқа 1995 жылы берілген. Ал 2011 жылы Академия ғимаратында Назарбаевтың қатысуымен ғалымдар форумы өтіп, оған "Ғасыр ғалымы" атағы берілді.