Нұр-Сұлтанда марқұм Дулат Ағаділдің ұлын өлтіріп кетті
Нұр-Сұлтанда марқұм қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлы Жанболат Ағаділ қаза тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq.org порталына сілтеме беріп.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Эльмира Шауленова хабарлауынша, Жанболат Ағаділ 11 қарашаға қараған түні пышақ жарақатының салдарынан көз жұмды.
Полицияға 10 қараша күні сағат 22:56-да Көктал ықшамауданындағы Болашақ көшесінде жаппай төбелес туралы хабарлама түскен.
"Қызметкерлер келген кезде жастар тобы арасында жанжал болып, оның төбелеске ұласқаны анықталды. Нәтижесінде екеуі жарақат алды. Олардың бірі - 17 жастағы Ж.Ағаділов пышақ жарақаттарын алған, жедел жәрдем келген кезде көз жұмды", - деді полиция департаментінде.
Құқық қорғау органдары қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі және 293-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Қазіргі уақытта жанжалға қатысқандардың барлығын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Ұсталғандарды тергеп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша әрқайсысының іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тергеу жалғасуда", - деп толықтырды полицияда.
Айта кетейік, бұған дейін қоғам белсендісі Дулат Ағаділ елордадағы абақтыда көз жұмғаны айтылған еді. Полиция мәліметіне сәйкес, ол жүрек жетіспеушілігінен ажал құшқан. Алайда бұған жақындары сенбей, сотты дұрыс сараптама жүргізбеді деп айыптаған. Төрт айға жуық созылған тексерістің нәтижесі 28 мамырда бір-ақ белгілі болды.
- Дулат Ағаділдің өліміне қатысты Тоқаев пікір білдірді
- Айман Омарова Дулат Ағаділдің өліміне қатысты істі жүргізуден бас тартты
Еске сала кетейік, Жанболат Ағаділ әкесі қаза болғаннан кейін Stan.kz тілшісіне арнайы сұқбат беріп, естеліктерімен бөліскен еді.