Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нығматулин министрге: Заң жобасына сенеміз бе, әлде сіздің жауабыңызға ма?

Бюджет заңнамасын жетілдіру бойынша жаңа заң жобасында бірінші басшының жауапкершілігі белгіленбеген.

Мәжілістің қарауына түскен бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері туралы заң жобасында бюджет қаржысының игерілуіне бюджеттік бағдарлама жетекшісі жауапты деп бекітілген. Құжатта бірінші басшысының, яғни әкім мен министрдің жауапкершілігі жоқ. Осы мәселе депутаттардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

“Қазіргі салық кодексінің 104- бабында егер бюджеттік бағдарлама игерілмесе және нәтиже бермесе, осы бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бірінші басшысы жауап береді деп нақты көрсетілген. Ал қазіргі қаралып отырған заң жобасында министрлік тағайындаған бағдарлама басшысы жауап береді деп айқындалған. Осыны қалай түсінуге болады? Сонда бірінші басшы жауап бермейтін бола ма?”, — деп сұрады депутат Жексенбай Дүйсебаев заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтен.

Министрдің айтуынша, бірінші басшының жауапкершілігі бар, бірақ оның жұмысы бюджеттік қаржының игерілуі тұрғысынан ғана емес, барлық көрсеткіштер бойынша жалпы бағаланады.

“Мемлекеттік органның бірінші басшысының жалпы түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу бойынша  жауапкершілігі бар. Президенттің мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы жарлығы бар, оның аясында мемлекеттік органдардың және оның басшыларының барлық көрсеткіштер бойынша нәтижелері бағаланады. Жыл сайын есеп дайындалады, ол президенттің әкімшілігіне жіберіледі. Президент әкімшілігі мемлекеттік органның, нақты оның бірінші басшысының жұмысын бағалайды. Яғни біздің жалпы жауапкершілігіміз бар”, — деді Сүлейменов.

Осы жерде мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әңгімеге араласты.

“Жауапкершілік жалпы болған кезде толықтай жауапсыздық болады. Қазір ғана бірінші басшының жауапкершілігі қалады дедіңіз. Қайсы шындық екенін түсінбей отырмын. Заң жобасына ма, әлде сіздің жауабыңызға сенеміз бе?”, — деді палата спикері.

Тағы да оқыңыз:

Әріптесі: Ұшақта қаза тапқан Патсаевқа қазақстандық дәрігерлер қарыздар

Алматы тұрғыны көлігін соғып кетіп телефон нөмірін қалдырған бейтаныс әйелге ризашылығын айтты

Қазақ тілі үшін қорланған қоғам белсендісі аштық жарияламақ

Талқылау