Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрайды өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймахан апелляциялық шағым түсірді

Аймахан Нұрай аппеляция
Фото: Видеодан скрин\ Instagram.com/serikbay_sultan

Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың отбасы өмір бойына бас бостандығынан айыру үкіміне қарсы шағым түсілгені туралы ресми хабарлама алды. Жәбірленуші тарап сотталғанның шағымы негізінде қарсылық дайындауға ниетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Апелляциялық шағымның берілгені туралы марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай мен жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров хабарлады. Олардың айтуынша, хабарлама “Сот кабинеті” арқылы келіп түскен.

“Іс аяқталып, үкім шыққалы бері екі аптадан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде екінші тарап апелляциялық шағым түсіруге құқылы болды. 28 тамызда біз тиісті хабарлама алдық, олардың адвокаттары апелляциялық шағым түсірді. Апелляциялық сатының өкілеттіктері жеткілікті. Ол бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін толық жойып, жаңа шешім шығара алады. Соның ішінде айыптаудың жекелеген баптарын алып тастауға, жаңаларын қосуға немесе жазаны жеңілдетеді”, – деді Сұлтан Серікбай.

Адвокат Аянхан Омаров істі қайта қарау кезіндегі ықтимал процессуалдық әрекеттер туралы айтты.

“Қылмыстық-процестік кодексі 430-бабының 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес, апелляциялық сот алқасы қылмыстық іс бойынша сот-психиатриялық немесе өзге де сараптама тағайындауға құқылы. Бұл жолы мұндай шешімнің қабылданатыны істі апелляциялық сатыда қарау барысында белгілі болады”, – деп атап өтті Аянхан Омаров.

Жәбірленуші тарап өкілдері жаңа сот процесіне дайындалып жатыр. Адвокат шағымды зерттеп, оған қарсылық дайындайтынын, жақында істі апелляциялық сатыдағы сот қарайтынын жеткізді.

 Сондай-ақ Қаратау аудандық полиция басқармасының бұрынғы тергеушісі Әбілғазы Артықбайға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Артықбай бұған дейін қызды өлтіру ісі бойынша сотта жауап берген еді. Дәл осы қызметкер 2025 жылдың күзінде Нұрай ұрланғаннан кейін туыстарының шақыртуымен оқиға орнына барған.. Сот барысында бойжеткеннің полиция бөлімінде жазбаша келісімінсіз видеоға түсіріліп алынғаны, бірақ тергеуші бұл видеожазба фактісін процессуалдық хаттамада көрсетпегені анықталды. Полицей видеотіркеуіштің қуаты таусылып қалғандықтан жазбалардың жоқ екенін айтты. Қаза тапқан қыздың ағасы сотта тергеушінің Нұрайға қысым көрсеткенін мәлімдеді.

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. 

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Айыптау актісі қандай?

Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады. 

Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.

Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты. 

Айым Болатқызы
Жексенбі, 30 Тамыз, 2026 16:08