Нұрайды өлтірді делінген Шерхан Аймаханның ішкі киімінен қан ізі табылғаны айтылды
Сотта Шерхан Аймаханның тергеу кезінде берген жауабының жаттанды сипатта болғаны туралы сараптама қорытындысы жарияланды. Сондай-ақ оның ішкі киімінен және басқа да киімдерінен қан іздері анықталғаны айтылды. Ал сотталушы өз кезегінде Нұрай Серікбайды аффект жағдайында өлтіргенін мойындайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Судья Темірәлиев сот отырысында сот-психиатриялық сараптама қорытындысын оқып берді.
"F06.2 – органикалық сандырақ (шизофрения тәрізді) бұзылыс. Шифр F06.2 – ағзаға жеткізілген нұқсан бұзылысы. Тұрақты мінез-құлқы (установочное поведение) белгілері байқалады. Оның өзі өмірі туралы анамнездік мәліметтерді айтып бере алмауы, психиатр көмегіне жүгінеді. 2019 жылғы 26 сәуірде психикалық жағдайының өзгеруіне байланысты киімдерін, заттарын балконнан тастаған. Сол себепті көшеде ес-түссіз жатқан. Қостанай қаласындағы психиатриялық ауруханаға жатқызылған", – дейді судья сот отырысында.
Судья кейін сараптаманың қорытынды бөлігін де жариялады.
"Қылмыстық іс бойынша сот-психиатриялық сараптама қорытындысында қазіргі таңда галлюцинациялық синдром белгілері анықталады. Соған байланысты оны жедел психиатриялық бұзылу жағдайын айқындағанға дейін арнайы мамандандырылған психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі түрде емделуге жіберу қажеттілігі туралы қорытынды жасалған. Жедел психиатриялық бұзылу жағдайын айқындағаннан кейін сараптама сұрақтарын шешу үшін оған қосымша сот-психиатриялық сараптама тағайындау қажет деген тұжырым берілген", – деп оқыды судья Темірәлиев.
Сот отырысында судья Темірәлиев тергеу кезінде түсірілген бейнежазбаға жүргізілген бейнефонографиялық сараптама қорытындысын жариялады. Оның айтуынша, сарапшылар Шерхан Аймаханның сөйлеу мәнерін, сөз саптауын, дауыс ырғағын және жауап беру ерекшеліктерін талдап, қорытынды жасаған.
"...Реттілікпен, ізді-ізді баяндаған әңгімесінде ауызша түрге жататын, күшейтілген лингвистикалық құрылымдар, өзіндік бастамашылық, өз ойын айту, білдіру инициативасы, дифференциалдық тәсілдермен, орташа қарқынмен, бірқалыпты дауыспен баяндау, ойластыру элементі бар, алдын ала дайындалған сөйлеуге келген сөздер. Құрметті тараптар, бұл 5.2 көрсеткішке қатысты. Аталған бейнежазба Қаратау аудандық полиция басқармасында тергеуші Әбілғазының қатысуымен түсірілген. Осы жерде бейнежазба жарияланды. Онда "Өз еркіммен келдім мен" деген сөзіне қатысты сұрақ қойылғанда: "Шерхан оны бейнежазбада өз еркімен айтты ма?" дегенге – "Жоқ". "Біреудің зорлығымен айтты ма?" дегенге де "Жоқ" деген жауап берілген", – дейді судья.
Сот отырысының соңында судья Темірәлиев молекулалық-генетикалық және биологиялық сараптама қорытындысын жариялады. Судьяның айтуынша, сараптама барысында айыпталушылардың киімдері мен аяқ киімдерінен анықталған қан дақтарына зерттеу жүргізілген.
Сарапшылар олардың бір бөлігі сотталушының өзіне, ал бір бөлігі марқұм Нұрай Серікбаеваға тиесілі деген қорытындыға келген.
"Шерхан Аймаханның шалбарында, футболкасында, бір жұп кроссовкасында, оқиға орнынан алынған шай ішетін ыдыста, бір галошта... Барлық тамшыда адамның қаны анықталған. Қан дақтары Серікбаеваға тиесілі екені тексерілген. Одан әрі қарай күдікті Шерхан Аймаханның ішкі киімінде, джинсы шалбарында, толстовкасында, бір кроссовкасында да адам қаны анықталған. Аталған қан дақтары күдікті Аймахановтың өзіне тиесілі. Аймахановтың толстовкасындағы, кроссовкасындағы адам қанының топтық тиесілігі анықталған кезде аталған қан дақтары Серікбаеваға тиесілі екені анықталған", – деп оқыды судья Темірәлиев.
Осыдан кейін судья сотталушы Шерхан Аймахановтан сараптама қорытындысына қатысты түсініктеме беруін сұрады.
"...Алайда, сіздің өзіңіз қолданып жүрген пышағыңызда Серікбаева Нұрайдың қаны шыққан. Бұған не айтасыз? Қалай түсіндіресіз?... Жауабыңыз бар ма, жоқ па?..." – деп судья сұрайды.
Айыпталушы өз жауабында кінәсін аффект жағдайында жасағанын айтып, Нұрайдың өліміне себеп болғанын мойындайтынын жеткізді.
"Жауабым бар, құрметті төраға. Жаңа айтқанымдай, мен Нұрайды қазаға ұшыратқанда аффект жағдайында жасағанымды мойындаймын. Мен Нұрайдың қазаға ұшырағанын толықтай мойындаймын, аффект жағдайында жасағанымды...", – деп жауап берді Шерхан Аймахан сот отырысында.
Кейін жәбірленуші тараптың адвокаты оның жауабын нақтылауға тырысқанымен, сотталушы жауап бермеді. Бұдан соң судья сот тергеуінің аяқталғанын жариялады.
Істің мән-жайы
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады.
Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.
Айыптау актісі қандай?
Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады.
Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.
Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты.
