Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрай Серікбай ісі: Ішкі істер министрлігі күдіктінің туыстарын тексеріп жатыр

Нұрай

Фото: Әлеуметтік желіден

Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты ішкі істер министрлігі пікір білдірді. Олардың мәліметінше, тергеу әлі де жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Санжар Әділовтың пікірінше, қазір тергеушілер қосымша нұсқалар мен жәбірленуші тараптың уәждерін тексеріп жатыр.

“Жәбірленуші тарап Нұрайды күдіктінің үйіне алып қашып келген кезде сол маңда болған адамдардың қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеруді сұрап отыр. Бұдан бөлек те бірқатар жайт бар. Біз олардың бәрін толық тексеріп жатырмыз”, – деді Әділов. 

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып дабыл қақты. 

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. Вице-министрдің айтуынша, іс бойынша тергеу аяқталуға жақын.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 06 Мамыр, 2026 13:20