Нүкенованың ағасы Бишімбаевтың телефонынан қарындасының видеосын көріп, көз жасын тоқтата алмады
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтың телефонына түсірілген бейнежазбаларды көріп отырып көз жасын тоқтата алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгін сотта сотталушының телефонын зерттеу басталды. Бишімбаевтың телефонынан видеоны бірінші болып судья Айжан Құлбаева көрді. Одан кейін материалдар зардап шеккен тарапқа көрсетілді.
“Естеріңізге сала кетейін, бұл видео 9 қараша күні түсірілген”, – деп ескертті судья.
Бейнежазбаларды қарап отырып, марқұмның ағасы Айтбек Амангелді, сондай-ақ оның адвокаты Жанна Оразбақова өз эмоцияларын ұстай алмады. Бұған дейін сот процесі кезінде Салтанаттың әпкесі ауырып, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болғаны белгілі болған.
Ал Қуандық Бишімбаев телефонына түсірілген видеоны "монтаж" деп атады. Қазір видеоны қорғаушы тарап пен Бишімбаевтың өзі көріп отыр.
- Бишімбаев ісі бойынша сот отырысына ресейлік журналист Ксения Собчак келді (видео)
- "Өзі сені осы деңгейге жеткізген шығар": Бишімбаевты ұстаған полицейге қатысты қызметтік тексеру жүргізіледі
Бұған дейін Бишімбаевтың телефонынан Нүкенованы сұрақтың астына алған видеолар табылғаны хабарланған.
Бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Қазір олардың сот отырысы ашық түрде өтіп жатыр.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.