"Нүкеновада қорыл емес, сырыл болған": Бишімбаевтың айғақтары сотта жоққа шығарылды
Бишімбаевтың сотындағы тыңдалым кезінде сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров Нүкенова жарақат алғаннан кейін қорылдап ұйықтаған болуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: сот процесінен скриншот
Маман прокурордың қойған сауалына марқұмның дәл сол кезде асфиксия жағдайында болғанын айтып жауап берді.
"Жоқ, әрине. Мұнда жарақат асфиксия жағдайында жедел тыныс жетіспеушілігімен бірге жүргені сөзсіз. Яғни тыныс жетіспегендіктен тыныс алу аумағындағы бұзылыстардан қандай да бір дыбыс шығуы мүмкін. Бірақ сау адамның қорылына ұқсамайды. Ұйықтап жатқан адамның қорылдауы тұрақты, тыныш болады. Ал бұл жағдайда ол тұншығып, ауа жетпегеннен дыбыс шыққан. Кез-келген адам сау адамның қорылын бірден біле алады. Ал бұл жағдайда қорыл емес, сырыл", – деп түсіндірді Халимназаров.
Судья сондай-ақ ауыр ми жарақатын алған адамның қанша уақыт дыбыс шығаруы мүмкін екенін сұрады. Маманның айтуынша, бәрі жарақаттың ауырлығына байланысты және адам осы күйде бірнеше сағат болуы мүмкін.
Бұған дейін Бишімбаев сот кезінде Нүкенованың қорылдап ұйықтағанын айтып, сол себептен мейрамханадан үйге қайтпағанын жеткізген еді. Айтуынша оның қорылына қарап тірі деп ойлаған.
Еске салайық, Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Бұдан бөлек экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған еді.
4 сәуірде айыпталушы Қуандық Бишімбаев сот алдында жауап берді. Бұған дейін сотта Салтанат Нүкенованы мейрамхананың дәлізінде ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео көрсетілген.
Сонымен қатар Жоғарғы сот әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев қандай жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты.