Қазақстанда алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді сотқа жүгінбей есептен шығару жоспарланып отыр
Қазақстанда алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді сотқа жүгінбей-ақ есептен шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Бұл жөнінде қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мәлімдеді.
"Қолданыстағы заңнама нормалары алаяқтық несиелерді тек сот шешімі арқылы, клиенттердің қатысуынсыз есептен шығаруды көздейді. Бұл жағдай жәбірленушілердің пайдасына шешім шығару мүмкіндігін шектейтін. Заң жобасы аясында сотқа дейінгі есептен шығаруға қатысты жаңа негіздер ұсынылды. 24 сағаттық кезең енгізу талабы қарастырылып отыр. Сондай-ақ адам алғаш рет банк немесе микроқаржы ұйымынан несие алған кезде оның өзі міндетті түрде қатысуға тиіс болады", – деді Қизатов.
Сонымен қатар кейбір азаматтарға несие алу үшін қосымша келісім алу тәртібі де енгізілмек.
"Егер бұл талаптар бұзылса, оларды әкімшілік жолмен реттеу оңай. Мұндай жағдайда банк немесе микроқаржы ұйымы несиені сотқа дейін есептен шығаруға тиіс. Сонымен қатар егер банк немесе МҚҰ тарапынан биометриялық сәйкестендіру ережелері, соның ішінде қашықтан сәйкестендіру бұзылып, бұл фактілер сот арқылы дәлелденсе, мұндай несиелер де міндетті түрде есептен шығарылады", – деп толықтырды агенттік төрағасының орынбасары.
Еске салсақ, осыған дейін елімізде 21 жасқа толмағандар ресми келісімсіз несие рәсімдей алмайтынын жазғанбыз.