Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда "желіге компроматтар жариялаймыз" деп кәсіпкерден 10 миллион теңге бопсалаған блогерлер ұсталды

Алматыда блогерлер ақша бопсалап, 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталды. Олар кәсіпкерлерді желілерде компроматтар жариялаймыз деп қорқытқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Руслан Каримов пен Дамир Кушеевтің Instagram желісінен

Полицияның мәліметінше, жәбірленушінің арызы бойынша кәсіпкер мен екі блогер ұсталды.

“Күдіктілер әлеуметтік желілерде компроматтар жариялаймыз деп қоқан-лоқы көрсетіп, 8 миллион теңге бопсалаған. Сондай-ақ олар жәбірленушіні сот шешімімен кәсіпкер төлеуге міндеттелген 20 миллион теңгені талап етуден бас тартуға көндірмек болған.

Қаскөйлер 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталды”, – делінген хабарламада. 



Деректерге сүйенсек, сол күні жәбірленуші азамат өзінің автокөлігін басқарып келе жатқанда бұрынғы қосалқы мердігер Құрманғазы Айтмұқановтың арандатуымен апатқа ұшыраған.

Жол апатын екі блогер – Дамир Кушеев пен Руслан Каримов кездейсоқ түсіріп алғандай болады. 

Кейін “сол видеоны әлеуметтік желілерде жариялаймын” деп қорқытып, олар жәбірленушіден 8 миллион теңге сұраған. Сондай-ақ оған Айтмұқановтың сот шешімімен беруге тиіс 20 миллион теңге көлеміндегі ақшадан бас тартуды талап еткен.

Полиция олардың уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Талқылау