Қарлы боранда жүргізушілерге жол көрсеткен: Қарағандылық құтқарушы мемлекеттік награда алды
Қарағанды облысында қарлы боран кезінде Көліктерге жол көрсеткен ТЖМ құтқарушысы мемлекеттік наградамен марапатталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен ерлігі және адамдардың өмірін құтқарғаны үшін Қарағанды облысы ТЖД Осакаров ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің №17 өрт сөндіру автокөлігінің жүргізуші-қызметкері Сымбат Ещанов "Ерлігі үшін" медалімен наградталды.
2025 жылдың 3 қаңтарында Алматы-Екатеринбург республикалық тас жолында Нұра-Қарағанды бағытымен келе жатқан автобус қар құрсауында қалып қойған. Құрамында Сымбат Ещанов бар төтенше жағдайлар министрлігінің тобы дереу шақыру орнына аттанған.
"Құтқарушылар оқиға орнына жеткеннен кейін жағдайды бағалап, 30-дан астам жолаушыны, оның ішінде 5 баланы эвакуациялауға кірісті. Алайда, ауа райының нашарлауына және жолдың көрінбеуіне байланысты Сымбат Ещанов құтқарушыларға жол көрсетіп, көліктің алдында жүріп қауіпсіз алып жүруді қамтамасыз етті”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, Қарағанды облысында 35 жастағы құтқарушы қарлы боран кезінде көлігінен түсіп, жүргізушілерге жол көрсеткен еді.