Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бірыңғай ереже жоқ: Сауда министрлігі Қазақстандағы риелторлар қызметін реттеуге кірісті

риэлтор
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда риелторлық қызмет көрсету нарығын ретке келтіру жоспарланып отыр. Қазір риелторлардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі, міндетті аккредиттеуі және жұмыс жүргізудің ортақ стандарттары жоқ. Сонымен қатар клиенттердің шағымдарын қарау тетігі де толық реттелмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл мәселе Сауда және интеграция министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес отырысында талқыланды. Отырысқа қатысушылар риелторлық қызметтегі бағаның ашық белгіленбегеніне де назар аударды. Олардың пікірінше, нарыққа түсінікті жұмыс ережелері, клиенттердің құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктері және риелторлардың жауапкершілігін күшейту қажет.

Сауда министрлігінің мәліметінше, қазір депутаттардың бастамасымен заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Үкімет риелторлық қызмет көрсету тәртібін, лицензиялау және мемлекеттік бақылау мәселелерін қамтитын бастамаларға қатысты үш оң қорытынды берген.

Алайда Үкімет “Риелторлық қызмет туралы” жеке заң қабылдауды қажет деп санамайды. Бұл саланы қолданыстағы заңнама аясында жетілдіру ұсынылып отыр. Қазір тиісті заң жобасы Құрылтайдың қарауында. Сонымен қатар риелторлық қызмет саласына арналған кәсіби стандарт әзірленіп жатыр.

Нарықтағы проблеманы сала өкілдерінің өздері де мойындап отыр. PANA қауымдастығының төрағасы Әсет Айтбайдың айтуынша, кәсіби қауымдастық риелторлық қызметті реттеу тәртібін екі жыл бұрын өзгертуді ұсынған. Ол негізгі мәселелердің қатарында кәсіби талаптарға сай келмейтін делдалдардың көптігін және алаяқтық жағдайларын атады.

“Ұсынылып отырған барлық өзгерісті Қоғамдық кеңес мүшелерімен қосымша талқылаймыз. Құрылтай жанындағы жұмыс тобы аясында риелторлық қызметті реттеу мәселелері егжей-тегжейлі пысықтала береді”, – деді Сауда министрі Арман Шаққалиев.

Еске салайық, бұған дейін ұйымдасқан қылмыстық топ өздерінің "қолдан жасалған" нотариустарын пайдалана отырып, дүние-мүлкін әлдекімдердің атына тіркегенін жаздық. Осылайша олардың ізін жасырып, қылмыстық әрекеттерін заңдастырған. Бұл оларға құқық қорғау органдарының күдігін тудырмай, жылжымайтын мүлікті бақылауға алып, билік етуге мүмкіндік беріп отырды. Қылмыстық топқа 22 адам кірген: дәрігерлер, нотариустар және бұрын сотты болғандар. Дәрігерлер ұрлықты жүзеге асыру үшін кәсіби білімі мен пациенттердің қолжетімді болып тұрғанын пайдаланған. Ал нотариустар заңды қорғауды қамтамасыз еткен. Сөйтіп бұрын іс болғандар мәжбүрлеуші ретінде әрекет етіп, жәбірленушілерді физикалық түрде ұстап, қажетсіз куәгерлердің көзін құртып отырған. Топтың қылмыстық әрекеттері тек мүлікті ұрлаумен шектелген жоқ. Қылмыстық әрекеттері барысында олар расталған екі кісі өлтіру қылмысын жасады. Бұл кісі өлтірулер іздерді жасыруға және ықтимал куәгерлерді қорқытуға бағытталған.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 09:20