Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тістері түсіп, басында тесік пайда болған": Шымкентте жануарларды аулау орталығының қызметкерлері иттерді аяусыз ұрды деп айыпталды

Шымкентте қаңғыбас жануарларды аулау орталығының төңірегінде шу шықты. Ондағы қызметкерлер иттерді аяусыз ұрып-соққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Алайда ветеринария қызметінің мәліметінше, олардың қызметкері, керісінше, қаңғыбас иттен қорғаныпты.

Жантүршігерлік көрініске еріктілер куә болған. Желіде тараған кадрлардан қолына таяқ ұстаған адамның итті бар күшімен ұрғанын байқауға болады. Жануарларды қорғаушылар орталықта бейшара жануарларды қорлап жатыр дейді.

“Ұрғаны анық. Барлық тісі қағылған. Басында тесік пайда болған”, – дейді ерікті Татьяна Гладкова. 

Татьяна Гладкованың сөзінше, еріктілер жануарларға азық әкелген кезде жантүршігерлік көрініске куә болған. Сосын дереу полицияға хабарласқан.

“Кеше біздің волонтер осында келген. Алайда оған есік ашпаған. Ол жануарларға ботқа алып келіпті. Көріністі есік сыртынан байқап, видоеға түсіріп алған. Итті бауынан шешпей, есік алдына дейін сүйреп апарған. Сосын темір түйреуішпен оның омыртқасынан ұрған. Видеоны біздің волонтер түсірді”, – деді Гладкова. 



Қоғамдық наразылықтан кейін қызметкер жұмыстан босатылды. Дегенмен орталық ит жұмысшының аяғынан тістеп алғанын айтты. 

“Тәртіп сақшысының айтуынша, ит оның аяғынан тістеп алған. Ол қорқып, итті пластик шлангпен ұрған. Ол қызметінен босатылды. Бірақ қызметкердің мұны әдейі істемегеніне сенеміз. Ол өз қауіпсіздігі үшін осылай әрекет етті. Оның үстіне ол адал еңбек етіп, жануарлардың күтімін жасады”, – дейді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының ветеринария бөлімінің басшысы Ерлан Әбденов. 

Еріктілердің айтуынша, бұрын жануарларға су мен тамақ берілмеген. Енді қызметкерлер физикалық күш қолданып отыр дейді. 

“Бұған дейін бір күн сусыз отырды. Егер біздің еріктілер тамақ пен су әкелмегенде, олар аштан қалар еді. Қызметі сапалы орталық салу керек”, – деді ерікті. 

Орталық жануарлар құқығын қорғаушыларға қалада жаңа орталық ашылғанын, онда жағдай әлдеқайда жақсы жасалғанын айтты. Ол жерге 800-ге жуық қаңғыбас мысық пен итті жеткізу жоспарланып отыр екен. Дегенмен еріктілер полицияға арыз жазып үлгерген.

Татьяна Гладкова Алматы облысында ер адамның итті көлігіне байлап, сүйрегені туралы іске қатысты тергеу жүріп жатқанын айтты. Жануарға қатыгездік көрсеткені үшін ит иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол полиция бөлімшесіне жеткізіліп, жауап алынған. Енді ірі көлемде айыппұл (400 мың теңгеден астам) салынып немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

Талқылау