Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өйтіп несие бермей-ақ қойсын": Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен алған несиесін қайтарған шаруалар мүліктерін кепілден шығара алмай отыр

Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен несие алып оны қайтарған шаруалар үйі мен техникаларының әлі кепілде тұрғанын айтып шағымдануда. Айтуларынша өзге де несие алған шаруалардың бәрі қарызды өтемейінше мүліктері кепілден шығарылмайды екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Инормбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото сюжет кадрларынан

Шаруа несие серіктестігінің ғимаратына жиналып, өздерінің несиелерін жапқанын айтып, наразылық танытқан. 

“2023 жылы желтоқсанда барлық қарызды мерзімінен бұрын жаптым. Содан бері көлігім әлі кепілде тұр. Міне 2024 жылдың ортасына келдік әлі кепілді ала алмай жүрміз. Қарайған шаруамыздан қалдырды. Қолымызды байлап отыр. Үкіметтен бізге өйтіп несие бермей-ақ қойсын екіншіде”, – деді шаруа қожалығының басшысы Әбутәліп Жасұлан. 

Шаруа қожалығының басшысы Аян Сейтенов те несиенің шарттары алдын ала айтылмағанын жеткізді.

“Олар ережедегі пунктке сүйеніп отыр. Сіздер бір-біріңізге жауаптысыздар, төлемеген адамдар бар, солар толық төлемей сізге берілмейді дейді. Оларға несие берер алдында бізді жинап, мына адамға берейік пе бермейік пе деп бізден сұраған жоқ қой. Ертең ол төлемей қалса сіз жауап бересіз деп те айтпады ”, – деді Аян Сейтенов.



Шаруалар өзгелердің кесірінен жұмысымыз тұралады деп қынжылуда. Айтуларынша шаруашылықты дамытып, мал басын көбейту үшін басқа несие берілмейді екен. Ал, ортада делдал болған серіктестік төрағасы аграрлық корпорация алдында 200 миллион теңге қарыз екен. 

“Аграрлық корпорацияға бізде линиямыз бар. Линия бойынша аграрлық корпорация бізде екі кепіл бөлім болады. Оның біріншісі аграрлық корпорация, екіншісі біз. Бізде жалпы несиелік серіктестік ұғымы бар. Мұнда барлығы бірі үшін деген талап жазылған. Содан біз шығара алмаймыз”, – деді Несие серіктестігінің төрағасы Орынбасар Ысқақов.

Серіктестік басшысы мәселені шешудің жалғыз жолы ұжым болып сотқа шағымдану екенін жеткізді. Яғни, мүлікті кепілден соттың шешімімен шығаруға болады. 

Талқылау