Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаев пен Байжановтың апелляциялық шағымына қатысты шешім қабылданды

Бүгін Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты апелляциялық сот отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғарғы сот

Бишімбаев пен Байжановқа қатысты үкім өзгеріссіз қалды. 

Апелляциялық шағымды Шынар Ерғалиева, Нұрлан Баяхметов және Роза Нұрмұхановадан тұратын сот алқасы қарады.

Қаулының қарар бөлігін төрағалық етуші судья Шынар Ерғалиева айтты.



"Сот алқасы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты үкімін өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы шығарды", – деді судья.

Бұған дейін алқабилер алқасының үкімімен: 

  • Бишімбаев ҚК-нің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы, ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған; 
  • Байжанов ҚК-нің 432-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.

Жоғарғы соттың мәліметінше, үкіммен келіспеген сотталушылар мен олардың адвокаттары апелляциялық тәртіппен шағым түсірді. Олар өз шағымдарында Байжановты әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды, Бишімбаевтың әрекетін ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағынан (Аса қатігездікпен адам өлтіру) ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігіне (Абайсызда кісі өлтіру) қайта дәрежелеуді, жазаны төмендету, сондай-ақ үкімнің күшін жою және істі жаңадан қарауға жіберуді сұраған. 

“Қылмыстық-процестік кодекстің 68-тарауына сәйкес, апелляциялық тәртіпте алқабилер алқасының қатысуымен шығарылған үкім тек процестік бұзушылықтар бойынша қайта қаралуы мүмкін. Апелляциялық сатыда іс бойынша мұндай негіздер анықталған жоқ. Алқа алқабилер алқасын, сұрақтар тізімін құру кезінде, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша үкімнің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеп соққан қылмыстық-процестік заңнамасын елеулі бұзушылықтар анықтаған жоқ. Апелляциялық сатының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылды. Сот актісі заңды күшіне енді”, – делінген сот хабарламасында. 

Айта кетейік, бұған дейін Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ал екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды

Талқылау