Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ресейліктерге жергілікті тұрғындарға қарағанда 2 есе көп жалақы ұсынған: Банк тағылған айыпқа жауап берді

Әлеуметтік желіде ЦентрКредит Банкінің қазақстандықтарға Ресей азаматтарына қарағанда екі есе аз жалақы төлейтіні жайлы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz агенттігі хабарлады. 

Қазақстан азаматы Серік Рахметов Linkedin әлеуметтік желісінде ЦентрКредит Банкінің бос жұмыс орны жөніндегі хабарламасының скриншотын жариялады. Онда банктің ІТ маман іздеп жатқаны жазылған. Хабарламада банктің Қазақстан азаматына күніне 76 АҚШ доллар, ал Ресей азаматына күніне 139 доллар жалақы ұсынғаны жазылған. 

“Қазақстан паспортына ие болсаңыз, ЦентрКредит Банкі сізге ресейлікке қарағанда екі есе аз ақша береді”, – деп жазды Серік Рахметов. 

Желіде тараған скриншот

Желі қолданушылары бұл мәселені қызу талқылады. Олар ел азаматтарына төмен жалақы беру  алалау болып саналатынын жазды. 

“Онда мен қазақстандық паспортыммен шетелге барып, күніне 400 еуроға жұмыс істеймін. Қаласа, ресейліктерін жұмысқа алсын”, – деп жазды Александр Петров. 

Алайда ЦентрКредит Банкі әртүрлі компаниямен жұмыс істейтінін, мердігер компанияның қызметкерлерге төлейтін жалақысынан хабары болмағанын мәлімдеді. 

“Банк әртүрлі компаниямен аутсорсинг қызметі негізінде, яғни олардың қызметкерлерінің көмегіне жүгіну арқылы жұмыс істейді. Мердігер компания белгілі бір жұмыс түрі бойынша тапсырыс берушінің жобасына қатысу үшін бір немесе бірнеше маман ұсынады. Банк компанияның жұмысы үшін ақы төлейді, ал маманның жалақысы жайлы ақпараттан хабардар емес. Бұл тәсіл белгілі бір мерзімге ғана созылған жобалар негізіндегі жұмысқа қатысты қолданылады”, – ЦентрКредит Банкінің PR директоры Сәкен Нығмашев.

Банк осы оқиғаға байланысты бос жұмыс орны туралы хабарламаны жариялаған мердігер компаниямен жұмыс істеуді тоқтататынын мәлімдеді.

“Банк аталмыш оқиға бойынша тексеру жүргізді, себебі жалақы мөлшерін белгілеу мердігер компанияның бастамасы болған және ол жұмыс жайында хабарландыру жарияламас бұрын бізге хабар бермеген. Қазір бұл компаниямен жұмыс шартын бұзу туралы шешім қабылданды. Болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін тиісті шаралар қабылдап, жалпы аутсорсинг бойынша жұмыс істеу тәсілін өзгертеміз. Банк кемсітушіліктің кез келген түрін құптамайды”, – дейді Сәкен Нығмашев.
Талқылау