Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында балаларды қорғау орталығы азық-түлікті жоғары бағамен сатып алып отырған

Алматы облысының Қиын жағдайындағы балаларды қолдау орталығында азық-түлік тауарларын жоғары бағамен сатып алу фактілері анықталды. Қазір орталықта 120-дан астам кәмелетке толмаған бала тәрбиеленіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің мәліметінше, жеткізуші нанды 140 теңгеден сатып алып, оны балалар үйіне 354 теңгеден (153% үстемақымен) жеткізген.

Сонымен бірге ол қарақұмық жармасын – 145% (281 тг/кг алып, 687 тг/кг сатқан), күнбағыс майын – 63% (600 тг/л алып,  977 тг/л сатқан), қантты – 38% (350 тг/кг алып, 480 тг/кг сатқан) үстемеақымен жеткізген.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын (ӘМАТ) шекті сауда үстемесінің мөлшері 15%-дан аспауға тиіс.



Қабылданған шаралардан кейін жеткізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Ал орталықпен жасалған азық-түлікті жеткізу шарты 1,3 миллион теңгеге төмендету жолымен қайта қаралды.

Агенттік қабылдаған шаралардан соң өңірдің бірқатар балабақшалары жеткізушілермен сатып алу бағасын 3,9 миллион теңгеге төмендете отырып, қосымша келісімдер жасасты.

Еске салайық, бұған дейін агенттік төрағасы Асхат Жұмағали маусымаралық кезеңде үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұруға және тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылдап жатқанын жазған едік. Атап айтқанда, Өзбекстан мен Тәжікстаннан ауыл шаруашылығы тауарларын тікелей жеткізу мүмкіндіктері пысықталды. Тауарлар тікелей қазақстандық нарыққа делдалсыз және алып сатушыларсыз неғұрлым қолжетімді бағамен жеткізіледі.

Талқылау