"Маған унитаздың қақпағын лақтырды": Бишімбаевтың бұрынғы әйелі экс-күйеуінің ұрып-соққан кезін айтып берді
Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман экс-министрмен бір шаңырақта тұрғанда соққы алған сәтін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Умные люди с Асель Кожаковой” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: видеодан скрин
Назым Қаһарманның сөзінше, Бишімбаев унитаздың қақпағын алып, әйеліне қарай лақтырған.
“Сол кездегі жағдайым бойынша полиция шақыруым үлкен қате болды. Қуандық бір күні қатты ашуланды. Телефонымды алып, дәретхана суына ағызып жіберді. Ол қатты ашуға булықты. Бұл соңғы әрекеті, осымен жанжал тоқтайтын шығар деп ойладым. Алайда ол дәретхананың қақпағы мен жиегін алып, маған лақтырып жіберді. Бұл өте жылдам, көз ілеспес аралықта болды. Мен ас үйге қарай қашып, есікті іштен кілттеп алдым. Қазіргі сотта айтылып жатқан “дәретхананың есігін бұзды” деген дәлелге сенемін. Арамыздағы жанжал түнгі үш-төртте болды. Ол ас үйге кіру үшін есікті соға бастады. Сосын есікті өзім ашып, ұлдарым жатқан бөлмеге қарай қаштым. Үлкен ұлым ол кезде 10 жаста еді. Ол төсектің екінші қабатынан секіріп түсіп, әкесіне жалынды. Сосын Қуандық тоқтады”, – деді Назым.
Сондай-ақ Назым Қаһарман әйелдерді жанжал шыққан жағдайда үнсіз қалмауға шақырды. Ол біреуден көмек сұраудың еш әбестігі жоғын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевпен болған отбасылық өмірі туралы айтып берді. Ол отбасын құрған алғашқы жылдары қатынастары жақсы болғанын жеткізді. Бишімбаев ажырасқаннан кейін экс-әйелін материалдық тұрғыда көмексіз қалдырған. Ол Назым басқаратын фитнес-клубты тартып алған.
Назым Қаһарман Бишімбаевтың үш жылға жуық түрмеде отырғанын, бостандыққа шыққан соң бір ай ғана бірге тұрғанын жеткізді.