“Іздейтін ешкімі жоқтар құлдыққа түседі”: Астаналық ерікті жұмысындағы шытырман оқиғаларын айтып берді
Абай облысының тумасы 34 жастағы Айзада Жүсіпова сегіз жылдан бері ерікті болып келеді. Алғаш Астанаға көшіп келгенде сұлулық салонында жұмыс істеп жүрген тұрақты клиенті жоғалып кеткен. Осы жағдай Айзаданы волонтерлік жолға әкелсе керек. Содан бері келіншек із-түссіз жоғалып кеткен біраз жанды тауып, кейбірін тіпті еңбек құлдығынан азат еткен. Астана қаласының “Лидер” еріктілер орталығының директоры жұмысында болған шытырман оқиғаларын Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Фото Айзаданың жеке архивінен
Айзада салондағы жұмысында жүріп бір күні өзіне тұрақты келіп тұратын 8 жастағы балдырғанның жоғалып кеткені туралы естіген. Кейін ортақ танысының өтінішімен іздеуге де көмекке шыққан.
“Ол кезде жасым 25-те. Ізтестіруге шыққан соң, біз оны тек 11 күннен кейін 21 мамырда таптық. Бұл жайт маған қатты әсер етті. Осыдан соң ерікті болу туралы ой келді. Өзімнің ұйымымды құрып, із-түссіз жоғалып кеткен жандарды аман-есен табуға көмектесемін деп шештім”, – деді ерікті.
Айзаданың бұл шешімін отбасы да қолдапты. Белсенді ұлын да қоғамға пайдалы азамат қылып тәрбиелеуге тырысатынын айтты.
“Жанұямыз бізді әрқашан көмек көрсетуге, мейірімділікке баулып, тәрбиелеп өсірді. Сондықтан волонтерлік жолды таңдағанымда ешкім қарсылық танытпады. Тіпті сәбилі болған кезімде әпкем баланы қарауға көмектесіп, мені іздеу жұмыстарына жіберетін. Қазір алты жастағы ұлым да жұмысыма қызығушылық танытып жатады. Алайда оған әлі ертелеу”, – деді ол.
Фото Айзаданың жеке архивінен
“Үш күн бойы тірі болған жасөспірімді құтқарып үлгермедік”...
Айзада бұл жұмысқа тек қайсар әрі батыл жандардың ғана шыдай алатынын алға тартты. Себебі мұнда қуаныш та, қайғы да қатар жүретін түрлі жайттар жетерлік. Ерікті жүрегінде қалып қойған 13 жастағы жасөспірімнің оқиғасын еске алды.
“Маған ең ауыр тиген оқиға – осы. Қыс кезі, ақпан айы еді. Оқушы үйінен сағат кешкі 18:00-дерде шығып, жолда көрінбеген беті ашық құбыр құдығына түсіп кеткен. 40-станцияда баланың үйінен 70 метр жерде қауіпті құдық болған екен. Біз 200-ге жуық адам бөлініп іздедік. Үшінші күні кешкі сағат 20:00 шамасында ғана оның денесін таптық. Ең өкініштісі, осы жасөспірім үш күнге дейін сап-сау, тірі болған. Денесінің еш жерінен жарақат табылмады. Ұл қатты суықтан үшінші күні жан тапсырған. Бұл іздестіру мораль тұрғысынан қиын болды. Себебі анасының көз жасы бәріміздің есімізде”, –деді ерікті.
“Іздейтін ешкімі жоқтар құлдыққа түседі”...
Айзада еңбек құлдығына түскен адамдарға да еркіндік сыйлауға көмектескен. Айтуынша, бүгінде елімізде құлдықта ұстау мәселесі белең алған.
“Көбіне ауылдан қалаға табыс табу үшін келген адамдар еңбек құлдығына түсіп жатады. Осы тұста полицияға “жоғалды” деп берілген шағым көбіне нәтижесіз қалады. Себебі құлдықта ұстайтын адамдар өте қу болады. Олар құрбандарын көбіне психикалық есепте тұрған, мүгедектік қағазы бар, жалғызбасты, іздейтін ешкімі жоқ жетімдерден таңдайды. Оның үстіне психикалық есепте тұрғандарға әдетте арыз қабылданбайды. Олар тіпті әртүрлі жұмысқа салу үшін адамның физикалық тұрғыда мығым болуына да назар аударады”, – деп қосты ерікті.
Айзада осы тұста еріктілердің тарататын хабарландырулары желілерде көтерілетіндіктен құл ұстайтын адамдардың мұндай шудан қорқатынын жеткізді.
“Бізде мынадай оқиға болды. Шизофрениямен ауыратын психикалық есепте тұрған 30 жастағы азамат жоғалып кетті. Ол үйінің ауласына таза ауаға шыққан. Сол кезде белгісіз біреулер шақырып, көлігіне мінгізіп алып кеткен. Кейін хабар болмаған. Бізге бұл азаматтың жүре алмайтын, мүгедектігі бар анасы көмек сұрап хабарласты. Осылайша, бір апта бойы жер-жерге хабарландырулар жібердік. Бір аптадан соң оны қала шетіндегі зиратқа басына қап кигізіп әкеліп тастаған. Кейін ол үйіне дейін өзі жаяу жетіп алған. Азамат басынан өткен оқиғасын айтып берді. Оны ұрып-соғып жұмсаған, тамақсыз қинап белгісіз дәрі берген екен”, – деп қосты белсенді.
Фото Айзаданың жеке архивінен
“Ерікті деген атқа кір келтіріп жүрген алаяқтар көбейді”
Астанадағы “Лидер” еріктілер орталығы өзі ісінің жемісін де көріп жүр. Ұйым үш жыл қатарынан “Қазақстандағы ең үздік еріктілік ұйым” номинациясын жеңіп алған. Одан бөлек, көптеген алғыс хаттар мен мадақтамаларға ие.
“Қаншама эмоция, қаншама қуаныштың көз жасы мен шынайы алғыс сөздерін естігенде біз жігерлене түсеміз. Адамдардың алғысы бізге шабыт береді. Олармен бірге қуанамыз, олармен бірге жылаймыз! Еріктілік ұйымымызға сегіз жыл болды. Астанада 70 адам жұмыс істейді. Одан кейін Павлодар, Екібастұз, Шортанды, Қосшы секілді жерлерде бөлімшелеріміз бар”, – деп қосты ол.
Еріктілер ұйымы сонымен қатар құқық қоғау органдарымен, үйсіз адамдарды адаптациялау, құжаттарды реттеу орталығымен, транспорттық полициямен бірлесе жұмыс істейді. Ұйымдағылар Ішкі істер департаментінен іздеу жұмыстары бойынша сертификат алып, алғашқы медициналық көмек көрсетуді де меңгерген.
Дегенмен Айзада бұл саланың да ақсап тұрған тұсы бар екенін тілге тиек етті. Келіншек еріктілік жұмысының абыройлы әрі мақтауға тұрарлық болғанын қалайды.
“Бізге қарап еліміздің әрбір жасы ерікті болуға талпынса деймін. Алайда қазір бұл атқа кір келтіріп, арам ойын өз пайдасына асырып жүрген алаяқтар көп. Тіпті бүгінде қоғамның еріктілерге деген сенімі жоғалған. Сол себепті қатаң бақылау жүргізілсе деймін. Егер қоғамның сенімін жоғалтсақ, болашақта адамдардың қайырымдылық пен мейірімділікке деген сенімі де жоғалады. Сондықтан еңбегімізді еш қылып жүргендерге шара қолданылса деймін”, – деп қорытты Айзада.